Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктері тағы да кептеліске тап болды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан мен Ресейдің Самара облысы бағытында «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде жүк көліктерінің кептелісте тұрғаны жөнінде бейнежазба тарады.

жүк көліктері
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласып, жағдайды білген еді.

Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде  Қазақстаннан Ресейге бағыт алған автокөліктердің көбейгені байқалады. 

Мұның себебінің бірі көкөніс өнімдерін экспортқа тасымалдайтың көлік құралдарының маусымдық жиілеуіне, сонымен қатар ресейлік тараптың жұмыс регламентіне сәйкес шекарадағы бекеттің өткізу қабілетінің шектелуіне байланысты.

Атап айтқанда, Ресей Федерациясы шекара қызметі өкілдерімен кездесу барысында қолданыстағы регламентке сәйкес автобекет арқылы сағатына 25 автокөлік құралы өтетіні хабарланды. Яғни тәулігіне 500 автокөліктен аспайды. 

- «Сырым» автокөлік өткізу бекетін қайта жаңғырту жұмысы жалғасып жатқандықтан, мердігер ұйым Қазақстанға кіреберіске арналған қос қозғалыс жолағын уақытша жабуды жоспарлап отыр. Соған байланысты көлік қозғалысының кіруі Қазақстаннан шығуға арналған бір жолақпен жүргізіледі. Ал өткізу бекетінің жұмыс алаңы 7-ден 1,5 гектарға дейін қысқарады, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісі неліктен туындағанын жазған едік.