Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да сауда заңнамасын бұзған 100-ден астам кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен әкімшілік жауапкершілікке тартудың 101 дерегі тіркелді.

ы
Фото: gov.kz

Департамент басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, соның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабының 1, 2-бөлімдеріне сәйкес сатушылардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезінде 15 пайыз сауда үстемесінен асырып жіберу дерегі бойынша 92 іс қозғалды. 

- Сонымен қатар аталмыш кодекстің 193-бабы 4, 5-бөлімдеріне сәйкес тауарды бағасын теңгемен көрсетпей өткізу, сауда нысанының ішкі немесе сыртқы витриналарына қойылған, құны затбелгіде рәсімделген бағадан асатын тауарды өткізу деректері бойынша 9 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Кодекстің 193-бабы бойынша хаттамалар жасауға жеке тұлғалардың өтініштері негіз болды. Ал кодекстің 204-4-бабы бойынша сауда нысандарының электрондық шот-фактураларды талдау нәтижелеріне және мемлекеттік органдардан түсетін ақпараттарға сәйкес іс қозғалды, - деді Э.Қиматова.

Оның нақтылауынша, департамент құзыретіне сауда нысандарына қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалауды іске асыру, сондай-ақ сауда қызметін реттеу туралы заңнама талаптарын бұзу деректері бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғау кіреді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда кәсіпкердің сүт бағасын асырып сатқаны белгілі болғанын жазған едік.