БҚО-да сыбайлас жемқорлыққа барған 4 мемлекеттік қызметші сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Сыбайлас жемқорлық деректеріне мониторинг нәтижесінде биыл 4 мемлекеттік қызметшіге қатысты сот үкімі шыққандығы белгілі болды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, олардың үшеуі — әкімшілік мемлекеттік қызметші, біреуі — құқық қорғау органының қызметкері.
Департамент басшысының айтуынша, биылғы бес айда әдеп жөніндегі кеңестің 5 отырысы өткізіліп, 28 мәселе қаралды.
Соның ішінде 18 профилактикалық мәселені қарау қорытындысымен қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік этика нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шараларды іске асыру бойынша 57 ұсыным облыстың мемлекеттік органдарына жолданып, оның барлығы орындалды.
— Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 9 лауазымды қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Атап айтқанда, Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін 4 адамның біреуіне ескерту, тағы біреуіне қатаң сөгіс, екеуіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін төрт мемлекеттік қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалса, біреуі жұмысынан босатылды, — деді М.Байсалов.
Департамент мәліметіне сәйкес облыста 382 мемлекеттік орган болса, олардағы қызметшілердің нақты саны — 3 291. Бос лауазымдар саны — 168.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да балағат сөз айтқан ауыл әкімінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жазған болатынбыз.