БҚО-да скутермен жол ережесін бұзған жасөспірімнің ата-анасынан 4 млн теңге өндірілді
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық іс қаралды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жасөспірім «Racer» скутерімен қосалқы жолда келе жатып, жол ережесін бұзған. Атап айтқанда, негізгі жолмен келе жатқан Hyundai Santa Fe автокөлігіне жол бермей, соқтығысқан.
Салдарынан скутердің жүргізушісі мен кәмелетке толмаған жолаушысы дене жарақатын алса, автокөлік иесі материалдық шығынға қалды.
Скутердің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыппұл салынды.
Оған қоса аавтокөлік иесі жасөспірімнің заңды өкілдерінен келтірілген материалдық шығын — 5 млн 192,280 мың теңгені өндіру туралы азаматтық талап арызбен жүгінді.
— Сот-тауарлық сараптама қорытындысы бойынша талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Жасөспірімнің ата-анасынан талапкердің пайдасына 4 млн 192,730 мың теңге, сот сараптамасы орталығына сараптама жүргізгені үшін 112 мың 631,17 теңге өндірілді. Шешім заңды күшіне енді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 35 млн теңге жымқырған аурухана бухгалтері 7 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.