БҚО-да соңғы үш жылда елуден астам медициналық нысан бой көтерді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бергі мерзімде 52 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау министрлігі: емханаларда 660 жедел жәрдем бөлімшесі ашылды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан салынып, Президент тапсырмасы толық орындалды.

Қазіргі таңда Казталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық ауруханалар құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл өңірдегі медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, соңғы үш жыл ішінде денсаулық сақтау саласына 442 дәрігер тартылды, олардың 236-сы ауылдық жерлерге жіберілді. Бұл ауылдағы медициналық кадр тапшылығын азайтуға және халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

- Саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 10,1 млрд теңге бөлініп, шамамен 1 094 заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Нәтижесінде, облыстың медициналық жабдықталу деңгейі 83,8 пайызға жетті. Жалпы алғанда, денсаулық сақтау саласындағы жүргізіліп жатқан кешенді шаралар халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мен ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жаңа емхана салу қажеттігі туындағанын жазған едік. 
 

Соңғы жаңалықтар