БҚО-да соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды

Соның ішінде өсімдік майын өндіретін зауыт, диірмен кешені, 8600 бас ірі қараға арналған мал бордақылау кешенін айтуға болады. Жыл аяғында қазіргі заманғы технологиялық жабдықпен жасақталған 12 мың басқа арналған шошқа кешенін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің сөзіне қарағанда, өңірде ауа райына тәуелді егінге қарағанда, мал шаруашылығының әлеуеті жоғары. Бүгінгі таңда етті мал барлық ірі қараның 80 пайыздан астамын құрайды. Ет өндірісінде 68 пайызы сиыр етінің үлесіне тиеді. Сондай-ақ қой мен жылқы өсіру де назардан тыс қалған емес.
Соңғы бес жылда облыста 12 жаңа асыл тұқымды шаруашылық құрылды. Жыл басында олардың саны 30-ға жетсе, соның ішінде 15-і - етті мал, екеуі - сүт өндіру, бесеуі - қой, жетеуі - жылқы, біреуі түйеге қатысты.
Етті мал шаруашылығын дамыту бағытында инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 200-ден астам фермерлік шаруашылық қатысуда. Олар 4,8 мыңнан астам ірі қара аналығын сатып алды. Шетелден асыл тұқымды мал әкеліп, бес шаруашылық құру, сондай-ақ төрт мал бордақылау алаңын ашу көзделуде.