БҚО-да сумен тиімді қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба қолға алынды

ОРАЛ. KAZINFORM – Су – тіршілік өзегі. Осы орайда Су ресустары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры міндетін атқарушы Рауан Хұсайынов салада атқарылып жатқан істер жөнінде айтып берді.  

БҚО-да сумен тиімді қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба қолға алынды
Фото: БҚО әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де тоқталған болатын. 

Қазақстан Президенті: «Су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс», - деп атап өтті. 

Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында су ресурстарын сенімді қамтамасыз ету және су шығындарын азайту мақсатында «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесе отырып, бірқатар шараны жүзеге асырып отыр. 

– Соның ішінде 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген 3 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 436 шақырымды құрайтын 7 магистралдық каналды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл жобалар аясында суды есепке алу мен гидротехникалық имараттарды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген, - дейді Р.Хұсайынов.

БҚО-да сумен тиімді қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба қолға алынды
Фото: БҚО әкімдігі

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Көшім магистралдық каналы мен Шаған өзені тармағын механикаландырылған тазарту, сондай-ақ жаңадан басталатын Жәнібек суландыру жүйесіне қарасты 192 шақырым арналарды қайта жаңғырту жобаларында да автоматтандыруды енгізу жұмыстары қарастырылған.

Жыл сайын су шаруашылығы жүйелері мен олардың негізгі жабдықтарының нақты техникалық жағдайын бағалау мақсатында гидротехникалық имараттарға көп факторлы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл зерттеулер имараттарды дұрыс пайдалануға мүмкіндік беріп, жобалау жұмыстарын жүргізудің негіздемесі болып есептеледі. 2024 жылы 3 нысан зерттелсе, биыл тағы төртеуінде сондай жұмыстар атқарылуда. 

«Қазсушар» филиалының мәліметі бойынша 2024 жылы 13 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 74 километр канал ішінара механикалық тазартудан өткізілді. 2025 жылы 26 нысанды жөндеп, 144 шақырым арнаны тазалау жоспарланған еді. Күні бүгін 11 нысан жөнделіп, 100 шақырым арна тазартылды, жұмыстар жалғасып жатыр. 

Ислам даму банкінің қаржыландыруымен Казталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында көлемі 28,0 млн текше метр су қоймасын салу, Тасқала ауданының Жайықбай суландыру каналын қайта жаңғырту қолға алынбақшы. 

Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен филиалдың автокөлік және арнайы жер қазу-құрылыс техникасы паркі жаңартылды. 2024-2025 жылдары 67 техника сатып алу жоспарланса, күні бүгінге дейін соның 51-і жеткізілді. Арнайы техника жұмыс күшімен бірге филиалдың негізгі қызметтерін атқарып, су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының сапалы және уақытылы орындалуына, оның жалпы нәтижелілігіне септігін тигізеді. 

БҚО-да сумен тиімді қамтамасыз ету бағытында бірнеше жоба қолға алынды
Фото: БҚО әкімдігі

2024–2028 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Бұл жоспарға облыс бойынша 127 іс-шара енгізілді. 

Тағы бір атап өтер жайт, Батыс Қазақстан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, облыстағы суармалау жүйелерін бірыңғай басқару жүйесіне келтіру үшін жұмыстар жүргізілуде. Жайық-Көшім және Жәнібек суармалау жүйелеріне тиесілі ұзындығы 826 км болатын каналдар мен жалпы ауданы 57,0 мың гектарды құрайтын көлдете суармалау жүйелерін коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру жұмыстары атқарылуда. Жыл соңына дейін бұл шаралар толық мәресіне жетіп, оларды қалпына келтіру бойынша бірінші кезектегі және негізгі жұмыс көлемдері анықталатын болады. 

– Мемлекет басшысы атап өткендей: «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі». Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысын сумен кепілдендірілген және ұтымды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады, - деп түйіндеді сөзін Р.Хұсайынов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайықтың арнасы өзгерсе, БҚО-ның 5 ауданына су бармай қалуы мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар