БҚО-да «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 4,2 млрд. теңге несие берілді

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, өңірде 19,3 мың бас асыл тұқымды ірі қарасы бар 17 асыл тұқымды шаруашылық, 59 асыл тұқымды репродуктор, 11,8 мың бас малға арналған 5 бордақылау алаңы («Кроун Батыс» ЖШС - 8640 бас, «Әлем» ШҚ - 1 мың бас, «Қамқор» ШҚ - 1 мың бас, «Бірлік» ШҚ - 400 бас, «Аманер» ШҚ - 800 бас) жұмыс жасайды. Жыл басынан бері мал бордақылау алаңдарында 378,2 тонна ірі қара еті өндірілсе, соның 161,8 тоннасы экспортқа жөнелтілді. Оған қоса облыста 3200 басқа арналған тағы бес бордақылау алаңы (Ақжайық ауданында «Мұқадес» ШҚ - 1500 бас, «Нығмет» ШҚ - 400 бас, Сырым ауданында «Жібек жолы» ШҚ - 400 бас, Тасқала ауданында «Арай» ШҚ - 500 бас, Бөкей ордасы ауданында «А.Кәукешев» ШҚ - 400 бас) салынуда. «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңірде 413 шаруашылыққа 4,2 млрд. теңге несие беріліп, сол қаржыға 21,7 мың бас сиыр, 900 бас асыл тұқымды өндіргіш бұқа сатып алынып, жоспар (18,3 мың бас) 118,4 пайызға орындалды. Биылғы жеті айда 33 шаруашылық 395,1 млн. теңге несиеге 1992 сиыр және 91 асыл тұқымды бұқаға қол жеткізді. Осындай шаралардың нәтижесінде облыста ет өндіру 3,8 пайызға өсіп отыр. Айта кетейік, «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері облысқа 3 мыңнан астам шетелдік асыл тұқымды мал әкелінді. 2015 жылы экспортқа 2,2 мың тонна етті эскпортқа шығару көзделсе, күні бүгін 717,5 тонна ет және ет өнімдері Ресейге жөнелтілді.