БҚО-да сыбайлас жемқорлық қылмысы артып отыр
ОРАЛ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 2010 жылы облыста жемқорлыққа қатысты 53 қылмыс тіркелсе, 2011 жылы оның саны 67-ге жеткен.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасы сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды реттейтін мемлекеттік құрылымдардың нормативтік-құқықтық актілерін сақтау мәселелері жөнінде өткізген семинарда айтылды.
Аталмыш басқарманың арнайы есепке алу бөлімі бастығы Ақмарал Шәпекованың баяндамасында көрсетілгеніндей, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық жасағандар тізіміне 2010 жылы 317 адам тіркелсе, 2011 жылы 210 кісі жауапкершілікке тартылған.
БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері Артур Мұсағалиев өткен жыл ішінде сыбайлас жемқорлық заңбұзушылығына байланысты ішкі істер органдарының 60 қызметкері жауапқа тартылғанын айтты. Соның 24-і органнан қуылған. Облыстық қаржы полициясы талдау тобының инспекторы Қуаныш Берімбетов 2011 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 67 қылмыс әшкереленгенін мәлімдеді. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 17,9%-ға көп. Жаңағы 67 қылмыстың 22-сін (32,8%) түрлі деңгейдегі әкімдік қызметкерлері жасапты. Әлеуметтік сала қызметкерлеріне - 11 жемқорлық қылмысы, денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне - 4, білім беру саласы қызметкерлеріне 10 қылмыс тиесілі. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметкерлері 11 мәрте жемқорлық сипаттағы қылмыс жасаған. Спорт пен туризм саласы мамандарының еншісінде 4 қылмыс бар.
Семинарда сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңбұзушылық жасаған қызметкерлердің арнайы есепке алынып, үш жыл бойы «қара тізімде» тұратыны да айтылды. Аталған тұлғалар қызмет бабымен жоғарылай алмайды. Кейбір мекеме басшылары, аудан әкімдері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі» заң талаптарын біле бермейді. Мысалы, лауазымынан босатылуы тиіс қызметкерге сөгіс жариялап, орнында қалдырады.
Басқосуда ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі» заңының кейбір осал тұстарын жетілдіру мәселесі де сөз болды. БҚО-дағы тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Мирболат Нұртазин, облыстық соттың судьясы Біржан Мәмбетов, облыстық прокуратура қызметкері Арон Ақпанов семинарда талқыланған жәйттерге қатысты өз ойларын ортаға салды.