Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да тікұшақтан су сепкіш құрылғы сыналды

ОРАЛ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Күн ысып, ағаш жапырағы мен шөп қурап, өрт қаупі жоғарылаған тұста облыс бюджетінен тікұшақтан су сепкіш құрылғы алынды.

БҚО-да тікұшақтан су сепкіш құрылғы сыналды

Жаңа құрылғыны іс жүзінде сынаған оқу-жаттығуларын көруге облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.

-Орал қаласын айнала қалың тоғай қоршап жатыр. Қазіргідей жаздың ыстығы мен күзде өрт қаупі жоғарылайды. Қалың ағаш ішіндегі тілсіз жау өрт сөндіретін көліктерге де, мамандарға да қиындық тудырады. Сол себепті облыс әкімі төтенше жағдайлар министрлігіне ұсыныс тастап, тікұшақ алуға келіскен болатын. Келісімге сәйкес Атырау қаласынан келген тікұшақ екі айдай өңірде қызмет көрсетеді. Тікұшақтың экипажы мен Алматыдан арнайы келген нұсқаушылар біздің мамандарды жаңа құрылғыны қолдануға үйретіп, тәжірибелерін бөлісуде, - деді Ғұмар Дүйсембаев.

Оқу-жаттығуда төтеншеліктердің тікұшағы Татарстаннан тапсырыспен алдырылған ВСУ-5А су сепкіш құрылғысымен Жайық өзенінен суды әп-сәтте оңай алып, қалың ағаштың үстіне сеуіп көрсетті.

-5 тонналық бұл құрылғының техникалық мүмкіндіктері МИ-17 тікұшақтарына сәйкес келеді. Келешекте облысымыздың өз тікұшағы болады деп сенеміз, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қадыр Бисембаев.