БҚО-да төтенше оқиғалар саны 31 пайызға азайды
ОРАЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда төтенше жағдайлардың жалпы саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда - 31, соның салдарынан зардап шеккендер - 49, қаза тапқандар 36 пайызға азайды.
Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаментінде үшінші тоқсан қорытындыларына арналған мәжілісте айтылды.
Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, техногендік сипатта 428 оқиға (барлық төтенше жағдайдың 91 пайызы) тіркеліп, 33 пайызға төмендесе, соның 408-і (96 %) - тұрмыстық және өндірістік өрттер.
Табиғи сипаттағы 42 оқиғаның (бұл да 14 пайызға кеміді) жетеуі - өрт, 23-і (56 %) - судағы жағдайлар. Бұл ретте 30 адам зардап шексе (өткен жылғыдан 21 пайызға аз), 29 адам (өткен жылы осы мерзімде - 37) мерт болды.
Жыл басынан бері департамент құрылымдары қызметкерлері 2019 рет құтқару жұмыстарына шығып, 484 адамды аман алып қалды, 3800-ден астамы көшірілді.
Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі 1327 рет дабыл бойынша атқа қонып, 31 адамды құтқарды, 668-ін қауіпсіз жерге шығарды.
Жедел құтқару жасағы 540 рет шығып, 201 адамды құтқарды, 2302-сін көшірді. Судан құтқару қызметі де 152 «сапар» кезінде 252 адамды «тілсіз жаудан» аман алып қалды. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде судағы оқиғалар 34, соның салдарынан қаза тапқандар саны 24 пайызға азайды.
Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында 34557 нысан тексерілді. Ауылдық жерде мемлекеттік емес өрт сөндіру бөлімшелерін құру жұмысы Бөрлі (2 бекет құрылды), Зеленов (1) аудандарында нәтижелі жүргізіліп келеді. Аңқаты ауылында мемлекеттік емес өрт сөндіру бөлімін құру үшін Теректі ауданы бюджетінен 3,5 млн. теңге бөлінді. Осындай шаралар нәтижесінде өрт саны - 33, зардап шеккендер 13 пайызға кеміді.