БҚО-да трактормен адам қағып өлтірген полицей қызметінен қуылды
ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында трактормен полиция қызметкері қағып кеткен ер адам каза тапты.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Сырым ауданы Бұлдырты ауылында болды.
Жүргізуші «МТЗ-80» тракторымен артқа қарай жүрген кезде абайсызда 1979 жылғы ер адамды басып кеткен. Марқұм оқиға орнында көз жұмды.
«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізуші алдымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде ол сот қаулысымен үй қамағында отыр. Трактордың рулінде аудандық полиция бөлімінің қызметкері отырған. Ол кезекті еңбек демалысында болған. Сараптама қорытындысына сәйкес полицей ішімдік ішпеген. Ол ішкі істер органынан қуылды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласының тұрғыны саяжай шатырында есірткі зертханасын ұйымдастырғанын жазған болатынбыз.