Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да тұрғындарға несиеге берілген 638 млн. теңге қайтарылмай отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалық етуімен өткен кеңейтілген кеңесте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы бірінші жартыжылдық қорытындылары талқыланды.

БҚО-да тұрғындарға несиеге берілген 638 млн. теңге қайтарылмай отыр

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы міндетін атқарушы Самат Хангереевтің мәлім еткеніндей, биылғы алты айдағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды (жастар арасында - 4 пайыз) құрады. Жұмысқа орналасу жөнінде 9608 адам өтініш жасаса, 2872 адам жұмыспен қамту органдарында тіркелді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту шараларына 2376 адам тартылса, 1773 адам еңбек орнын тапты. Жұмыспен қамтудың кешенді жоспарымен 9 мыңнан астам қамтылса, соның 8603-і жұмысқа орналасты. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бірінші жартыжылдықта 254 адам жұмысқа орналасса, соның 32-сі «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының шапағатын көрді. Дегенмен түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қолға алынып, қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, бірқатар аудандарда мүгедектерді жұмыспен қамту көрсеткіші төмен, жұмыссыздық деңгейі де бұрынғы қалпында қалып отыр. Осыған орай Б.Мәкен жергілікті жерлерде апта сайын мониторинг жүргізіп, туындаған мәселелерді уақтылы шешіп отыруды тапсырды. Мемлекет басшысы жұмыссыздық мәселесін шешуді міндеттеп отырғандықтан, кәсіпорындарда жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу қажет.

Кеңесте қаралған тағы бір маңызды мәселе 2011-2012 жылдары шағын несие ұйымдары арқылы берілген қаржының қайтарылуы болды. «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Балтаевтың келтірген дерегіне қарағанда, 2011-2012 жылдары берілген несиеден қордаланған қарыз 638 млн. теңгені құрайды. Берешек Жәнібек пен Қаратөбе аудандарында аз, сәйкесінше 19 және 16 млн. теңге. Ал Бөрлі, Жаңақала, Қазталов, Сырым аудандарында қарыздың қайтарылуы мардымсыз. «Бұл - мемлекеттің қаржысы. Сондықтан оның қайтарылуын қалайда шешу қажет, түрлі тетіктерін табуға болады ғой. Мәселен, салықтан қарызы барлар шетелге шыға алмайды. Сондай-ақ БАҚ-тарда қарыздар адамдардың тізімін жариялауға болады», - деді Б.Мәкен бұл жөнінде. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу қажеттігі де айтылып, нақты тапсырма берілді.