БҚО-да ұлымен бірге адасып кеткен әйел дронның көмегімен табылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 43 жастағы әйел 10 жасар ұлымен бірге жеңіл көлікпен шығып, адасып кеткен.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, олар 27 сәуірге қараған түні Теректі ауданы Сарыөмір ауылынан Дуана елді мекеніне бет алған.
Жергілікті тұрғындар 27 сәуір күні таңнан бастап іздестірген. Әйел бағдарынан айырылып, автокөлігі сынғаннан кейін құтқарушылардан көмек сұраған.
Іздеу жұмыстары өтініш берушімен байланыстың жоғалып кетуіне байланысты қиындады.
- Жұмысты жеделдету мақсатында ТЖМ қосымша күштері мен құралдары, сондай-ақ 3 ұшқышсыз ұшу аппараты іздеуге тартылды. Жұмыла жасалған жұмыс нәтижесінде әйел мен оның баласы кешкі сағат 19.40-та Теректі ауданы Рыбцех ауылының маңында ақаулы көліктен табылды. Жоғалғандар медициналық көмекке мұқтаж болмай, елді мекенге жеткізілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында иесіз үйде арқалық жас жігітті басып қалғанын жазған болатынбыз.