БҚО-да Ұлттық қордан мал шаруашылығына бөлінген 2450 млн. теңге түгелге жуық игеріліп отыр
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің айтуынша, мемлекет тарапынан ұдайы қолдаудың нәтижесінде асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны көбейіп, ірі қараның 50,6, ұсақ жандықтың 55,8 және жылқының 67,9 пайызы қазіргі кезде ауыл шаруашылығы құрылымдарында шоғырлануда. Бұл экспортқа шығарылатын сапалы ет көлемінің артуына әсер етуде. Атап айтқанда, 2011-2015 жылдарға арналған «Ірі қара мал етінің эскпорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасына сәйкес барлығы 5,3 мың тонна етті, биыл соның 2200 тоннасын экспортқа жөнелту көзделген болатын. Осыған орай жыл басынан бері 1611,7 тонна ет және ет өнімдері сыртқа шығарылды. Бұл - өңірлер бойынша озық көрсеткіштердің бірі. Аталған бағдарлама аясында облыста 11,8 мың басқа арналған 5 мал бордақылау кешені бұрыннан болса, оған қоса төрт шаруа қожалығы 2800 басқа арналған осындай алаңдар салуда.
Сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 445 шаруашылық 4621,3 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, жоспардағы 17 мыңның орнына 23689 бас сиыр және 992 асыл тұқымды бұқашық сатып алды. Сол секілді өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап іске қосылған «Құлан» бағдарламасына сәйкес 1210,5 млн. теңгеге 3484 бас жылқы және «Алтын асық» аясында 353,8 млн. теңгеге 13442 бас қой сатып алынды.
Мал басын асылдандыру бағытында өңірде етті бағыттағы 3,7 мың асыл тұқымды бұқа ұсталуда, яғни табынның тұқымдық құрамын түрлендірудің үлесі 35 пайызға жеткізілді.
Биыл «Агробизнес - 2020» бағдарламасына сәйкес өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 7159,4 млн. теңге бөлінсе, соның 4703,3 млн. теңгесі мал шаруашылығына бағытталды.
«Мемлекет басшысы кеше жариялаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында атап өткеніндей, «халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрмесе», мұнда ауыл шаруашылығы саласының да үлесі мол. Ендігі міндет - Елбасы алға қойған міндеттерді орындау жолында көп болып бірлесе отырып, дағдарысқа қарсы шараларды еңсере білу», деп түйіндеді ойын М.Оңғарбеков.
Айта кетейік, биылғы он айда ауыл шаруашылығы саласында 79979,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді. Мал басы да тұрақты өсіп келеді. Биылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 497,3 мың ірі қара (соның ішінде сиыр - 216,5 мың), 1066,1 мың қой, 223,5 мың ешкі, 135 мың жылқы, 2,8 мың түйе, 27,4 мың шошқа, 910,5 мың құс санаққа іліккен. Он айда 59,0 мың тонна ет, 200,9 мың тонна сүт, 125,5 млн. дана жұмыртқа өндірілді.