БҚО-да үш жыл бұрын ашылған мектеп ғимараты қайтадан жөндеуге жабылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Магистраль жалпы орта білім беретін мектебінің ғимараты жөндеуге жабылды.
Kazinform агенттігі бұдан бұрын жазғанындай, мектеп ғимараты өткен жылы күзде осындай күйге тап болып, жөндеуге жабылған еді.
Жаңа оқу жылында оқушылар қайда білім алмақ, бұл жөнінде БҚО білім басқармасына арнайы сауал жолданған еді.
Білім басқармасынан мәлім еткеніндей, Магистральный ауылында 108 орындық мектеп ғимараты 2023 жылы желтоқсанда пайдалануға берілген. Мұнда 100 оқушы 22 сынып жиынтығында білім алады. 43 педагог пен 12 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
Басқарманың мәліметіне қарағанда, 2024 жылдың соңынан бастап ғимараттың ішкі жақтауларында жарықшақтар пайда болды. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, 2026 жылы қайтадан тексеру барысында жарықшақтардың саны мен көлемі көбейгені анықталды.
- Оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимаратта оқу үдерісі уақытша тоқтатылды. 20 оқушы Поймадағы, қалған 80-і Ақсуат ауылындағы мектепте білім алатын болады. Оларды тасымалдау ұйымдастырылады. Мердігер ұйым анықталды. Анықталған ақауларды толық жою мақсатында жөндеу жұмыстарын осы аптада бастау көзделіп отыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаңадан салынған мектеп ғимараты екі жыл өтпей неліктен жабылғанын жазған едік.