БҚО-да жалған қызмет көрсеткен 17 кәсіпорынның ақша айналымы 2 млрд теңгеден асқан

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жұмысты нақты орындамай, түрлі кәсіпорындарға тауар жөнелтпестен, жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан адамдар тобының қызметі әшкереленіп, тоқтатылды.

шот-фактура
Фото: Pexels

Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласының тұрғыны бұрын осыған ұқсас қылмысы үшін сотталғанына қарамастан, 2022–2025 жылдар аралығында жалған шот-фактура жазу әрекетін жалғастырған.

Ол өзінің бақылауындағыларды, соның ішінде адамгершілікке жат өмір салтын ұстанатын адамдарды қылмыстық әрекетке тартып отырған.

Күдіктілермен барлығы 17 кәсіпорын тіркеліп, жазылған шот-фактуралар бойынша ақша айналымы 2,0 млрд теңгеден асқан. Бұл кәсіпорындар құрылыс, арнайы техниканы жалға беру және тауар-материалдық құндылықтарды жеткізу саласында жалған қызмет көрсетумен айналысқан. Алайда кәсіпорындардың қажетті қызметкерлері, негізгі құралдары мен арнайы техникасы болмаған. Қызмет еткен кезеңде небәрі 2,3 млн теңге салық төленген.

- Осылайша, ұйымдастырушы көрсеткен қызметі үшін заңсыз сыйақы ретінде айналымдағы ақшалай қаражат сомасының 7 пайызын алып отырған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыс ұйымдастырушысы үйқамақта отыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қаржылық пирамидалардан 1 мыңнан астам тұрғынның зардап шеккенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар