БҚО-да жаңа мектеп ашылды
ОРАЛ. 24 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Кеше Орал қаласы іргесіндегі Зеленов ауданының Асан ауылында 230 орындық жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды.
Онда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атап өткеніндей, Елбасымыздың салиқалы саясаты арқасында және тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде елімізде көптеген игі істер атқарылып, әлеуметтік нысандар іске қосылды. Осы жылдар ішінде өңірде 51 мектеп салынды, 323 оқу орны күрделі жөндеуден өтті. Тек биылдың өзінде сегіз мектеп, алты балабақша салынып, іске қосылғалы тұр.
Облыс әкімі мектеп ұжымына көрімдікке жаңа "ГАЗель" автокөлігінің кілтін табыс етті. Сондай-ақ асандықтар атынан облыстың құрметті азаматы Абат Есенғалиев, ардагер ұстаз Клара Асанова қуанышты көңіл күйлерімен бөлісті, жаңа білім ғимаратын салған құрылысшыларға, облыс басшылығына, су тасқыны зардаптарын жоюға қомақты қаржы бөлген «ҚазМұнайГаз» компаниясына ақжарма алғыстарын жеткізді.
Бұрын ауылдың 80 баласы Оралдағы мектептерге, ал 35-і Мичурин ауылына қатынап оқитын. Көрші ауылға қатынап оқуға арнайы көлік болғанымен, қыстың қақаған аязында тоңып автобус күту оңайға соқпайтын. Бұдан он жыл бұрын құрылысы басталады деген мектептің биыл іске қосылуы ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелтті.
-Мамырда құрылыс жұмыстарын бастап, бес айда бітірдік. 420 млн. теңге жұмсадық. Нысанда 140 адам еңбектенді, бұл өзі қазіргі барлық талапқа толықтай жауап беретін оқу орны, - деді мердігер "Уральскстройинвест" ЖШС-ның директоры Алексей Бизьянов.
Аралас тілді жаңа білім ордасында қос-қостан спорт залы, информатика, лингофон кабинеттері бар. Физика, химия кабинеттері қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Еңбекке баулу бөлмелеріне фрезерлік, токарлық станоктар, қыздарға арналған бөлмеде тігін машиналары қойылған. 70 орындық асхана, 25 балаға есептелген шағын орталық бөлмелері де бар. Мектепішілік радио байланыс жүйесі тартылған, ғимаратқа қосымша қуат беретін дизельді электр стансасы орнатылған. Ауладағы арнайы спорт алаңдары көз тартады.
Зеленов аудандық оқу бөлімінің бастығы Алма Жұмабаеваның айтуынша, жақын маңдағы бұрын Мичуринде оқып жүрген Октябрь, Зеленый ауылдарының шәкірттері енді осы мектептен білім алатын болды. Келешекте жүктемесі азайған Мичурин орта мектебінің жанынан алты топтық балалар бақшасын ашу жоспарланған. Бүгінде онда екі топтық шағын орталық жұмыс істейді.