БҚО-да жаңа мектеп пайдалануға берілді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданына жұмыс сапары аясында Сәуле ауылында салынған жаңа шағын жинақты білім ордасының ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы елді мекен тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтап, Жақсыбай негізгі орта мектебінің су жаңа ғимараты жас ұрпаққа берілетін білім сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

БҚО-да жаңа мектеп пайдалануға берілді
Фото: БҚО әкімдігі

— Кейінгі 3 жылда өңірде 30 мектеп жаңадан салынды. Биыл кезекті оқу жылында осындай тағы 7 шағын жинақты мектепті пайдалануға бергелі отырмыз. Білім беру инфрақұрылымын дамыту, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты азайту — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты тапсырмасы. Бұл жөнінде Президент күні кеше өткен Тамыз конференциясының пленарлық отырысында да айтты. Жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін жағдай жасау — мемлекеттің стратегиялық міндеті, — деді Нариман Төреғалиев.

БҚО-да жаңа мектеп пайдалануға берілді
Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімі ел тарихындағы тұңғыш Құрылтай сайлауына белсене қатысып, азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін ауыл тұрғындарына ризашылығын жеткізді. Әлеуметтік нысанды уақытылы әрі сапалы салып берген құрылысшыларға алғыс хат табыс етті.

БҚО-да жаңа мектеп пайдалануға берілді
Фото: БҚО әкімдігі

Жақсыбай негізгі мектебі 1973 жылы бастауыш мектеп ретінде ашылып, 1991 жылы мәртебесі ауысқан. Жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылған ғимараттың тозығы жетті. 60 орынға шақталған су жаңа нысан KPO b.v. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында бой көтерді.

Жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ, 2 шеберхана, кітапхана, асхана, мәжіліс және спорт залдарымен қамтамасыз етілген. Балалар қауіпсіздігі үшін 62 бейнебақылау камерасы мен кіреберіске турникет қойылған. Мектеп ауласы толық абаттандырылған. Спорт және балалар ойын алаңдары жасақталған.

БҚО-да жаңа мектеп пайдалануға берілді
Фото: БҚО әкімдігі

Салтанатты іс-шараға қатысқан ауыл тұрғындары игілікті іске дән риза екенін айтып, мемлекет қолдауы үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында негізгі мектепте 69 оқушы білім алады. Оларға 29 педагог сабақ береді.