БҚО-да жаңа спорт кешенін сатып алу бойынша конкурс өтпей қалды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылындағы «Нарын» спорт кешенін сатып алу бойынша конкурстың өтпей қалғаны белгілі болды. 

БҚО-да жаңа спорт кешенін сатып алу бойынша конкурс өтпей қалды
Фото: Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен

Осыған орай Kazinform тілшісі конкурстың неліктен өтпегені жөнінде Бөкей ордасы ауданы әкімдігіне арнайы сұрау салған еді. 

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, Хан ордасы ауылы – жыл сайын 30 мыңнан астам адам келетін Батыс Қазақстан облысының тарихи-туристік орталығы, сондай-ақ 2,5 мыңнан астам тұрғыны бар Бөкей ордасы ауданындағы ірі ауылдардың бірі.

Ауыл тұрғындары спортпен және дене шынықтырумен белсенді түрде айналысады. 100-ден астам бала баскетбол, волейбол, футбол, күрес, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ және бокс секцияларына қатысады.

Заманауи спорт кешенінің болмауына байланысты жаттығулар 1982 жылы салынған, қазіргі талаптарға сәйкес келмейтін бейімделген ғимаратта өткізіліп келді. Ауыл тұрғындары тарапынан заманауи спорт залын салу қажеттілігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Жеке инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде 2025 жылы Хан ордасы ауылында жеке кәсіпкер «Абдухатов Е.А.» өз қаражаты есебінен спорт кешенін салып, жыл соңында пайдалануға берді.

Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының өтініші бойынша және кәсіпкердің келісімімен кешенде балаларға арналған жаттығулар мен түрлі спорттық іс-шаралар өткізілуде. Ғимаратты күтіп-ұстау және қызмет көрсету шығындарын кәсіпкер өзі көтеріп отыр.

Халықты қажетті спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларға арналған тегін үйірмелер мен спорт секцияларын ұйымдастыру мақсатында спорт нысанын сатып алу бойынша конкурс өткізу туралы шешім қабылданды.

Әлеуметтік нысандарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы және жеке инвестицияларды тарту есебінен салу бюджет қаражатын үнемдеуге, уақытты тиімді пайдалануға және халық көтеріп отырған өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

– Осыған байланысты 2026 жылғы 10 ақпанда спорт кешенін сатып алу бойынша ашық конкурс жарияланды. Өтінімдерді қабылдау мерзімі – 2026 жылғы 17 ақпанға дейін. Тапсырыс беруші – «Бөкей ордасы ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Орда» спорт клубы» КММ. Әлеуетті жеткізушілерден өтінімдердің түспеуіне байланысты конкурс өтпеді. Алдағы уақытта спорт кешенін сатып алу бойынша конкурс жарияланатын болады, - делінген ресми жауапта. 

Аталған нысанды салтанатты ашылу рәсімі 2025 жылғы 24 желтоқсанда өткен еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында жаңа стадион салына ма, сол туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум