БҚО-да жаңадан тағайындалған судьялар таныстырылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Облыстық соттың жалпы отырысында Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Азат Ізбасаров Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 29 шілдедегі № 1382 Жарлығымен тағайындалған судьяларды ұжымға таныстырды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыстық сот төрағасы өз сөзінде бұл тағайындау кәсіби біліктіліктің жоғары бағалануы ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Сондай-ақ судьяларға заң үстемдігін қамтамасыз ету, тәуелсіздік пен бейтараптық қағидаттарын бұлжытпай сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сот төрелігінің сапасы мен сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді одан әрі нығайту бағытында адал қызмет атқаруға тілектестігін білдірді.
Президент Жарлығына сәйкес Байсал Айдашев Бөрлі аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.
Байсал Айтжанұлы 1993 жылғы 9 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген.
2014 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2015 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Әр жылдары Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында сот приставы, бас маман — сот отырысының хатшысы, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында және Есіл аудандық сотында бас маман — сот отырысының хатшысы болды.
Сонымен қатар ҚР Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департаментінің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде бас маман — сот отырысының хатшысы лауазымдарында қызмет атқарған.
Айым Жағыппарова Орал қалалық сотының судьясы қызметіне кірісті.
Айым Жағыппарова 1992 жылғы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген.
2014 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін, 2023 жылы М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын заңгердің көмекшісі ретінде бастап, кейін Астана қаласы адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен. Әртүрлі кезеңдерде заңгер көмекшісі, бас заңгер, қызметтерін атқарған.
Ақжайық аудандық сотына судья болып Роза Мұқашева келді.
Роза Айдарқанқызы 1988 жылғы 12 желтоқсанда Қарағанды облысы Молодежный ауылында дүниеге келген.
2012 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін, 2012 жылы Көкше академиясын тәмамдаған.
Әр жылдары Ақмола облысы бойынша сот актілерін орындау департаментінің Ерейментау аумақтық бөлімінде іс жүргізуші, Екібастұз қалалық соты әкімшісінде бас маман — сот отырысының хатшысы қызметін атқарған.
Орал қаласының № 2 сотына Алтын Оралбаева қосылды.
Алтын Абзалқызы 1983 жылғы 18 желтоқсанда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген.
2007 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Әр жылдары Ақтөбе қалалық сотында бас маман — сот отырысының хатшысы, Қарасай аудандық сотында бас маман, Ақтөбе қаласының № 2 сотында бас маман — сот отырысының хатшысы болды.
Іс-шара соңында облыстық сот ұжымы жаңадан тағайындалған судьяларды құттықтап, кәсіби қызметтеріне табыс, әділдік пен парасаттылық, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірқатар судья мен сот төрағалары тағайындалғанын жазған едік.