БҚО-да Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 116 текше метр су жіберіліп жатыр

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Қазсушар» мекемесінің су қоймаларына 446,8 млн текше метр су жинақталып, 88,1 пайызға толтырылды.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновтың мәлім еткеніндей, Казталов пен Жаңақала аудандары аумағымен ағатын Қараөзен мен Сарыөзенге 428,0 млн текше метр су алынды. Бұл ағын су лимандар мен табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталды. 

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 116 текше метр су түсіп жатыр. Мұнда жыл басынан бері аталған жүйеге 273,0 млн текше метр су құйылды. Қазіргі таңда су қоймаларына қоса, көлдер мен көлтабандарға, табиғи шабындықтарға су жіберіліп жатыр.

«Орал қаласындағы Шаған су қоймасында судың деңгейі Балтық жүйесі бойынша 30,91 метрді көрсетті, бір тәулікте 7 сантиметрге жоғарылады. Су тасқыны басталғаннан бері өзен деңгейі жалпы 5,4 метрге көтерілді. Күні бүгінге дейін Шаған және Деркөл өзендерінде орналасқан су бекеттерінен 390,0 текше метр ағын су түсті. Пайдалану ережесіне сәйкес Шаған су қоймасының су тастағыш имараты 2023 жылдың күзінен бастап толық ашық. Филиалдың су шаруашылығы нысандарында жағдай тұрақты», - деді Р.Хұсайынов.

Төменгі Еділ бассейндік су басқармасы Орынбор облысы бойынша су ресурстары бөлімінің бастығы Сергей Ридельдің Рауан Хұсайыновтың атына жіберген ресми хатына сәйкес Жайық өзенінің деңгейі 27 сәуір күні сағат 08.00-де Орынбор қаласы тұсында 855 (қауіпті шегі – 760 см), Елек ауылында 884 (850 см) сантиметрді көрсетті. 

Жайық
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орынбор облысындағы Иреклі су қоймасынан Жайыққа 22 сәуірден бері секундына 192 текше метр су жіберіліп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда облыстық жол қақ айырылып, су шайып кеткенін жазған болатынбыз.

Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақ ауылы тұсында 580 сантиметрден асты.

Соңғы жаңалықтар