БҚО-да желіге бейнежазба салған медицина қызметкеріне тәртіптік шара қолданылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Бәйтерек ауданы Дариян аудандық ауруханасында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.
«Дәрігерлер қалай билейді. Нарколог» деп аталған бейнежазбада медицина қызметкерінің билеп тұрған сәті көрініс тапқан. Сонымен қатар тағы бір бейнежазбада дәрігер емделушілердің тізімін көрсеткен.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО денсаулық басқармасына арнайы сауал жолдады.
Басқарманың мәлімдеуінше, Дариян аудандық ауруханасы медицина қызметкерінің іс-әрекетінде кәсіби этика мен құпиялылық талаптарын бұзушылық байқалады.
Ішкі тексеру жүргізілді. Жарияланған бейнеүзіктерде пациенттердің жеке деректері анық көрінбейді, сәйкестендіруге келмейді. Алайда материалды орналастыруға жол бермеу керек еді.
— Медицина қызметкері аталған бейнежазбаны сезінбей, қандай да бір ойсыз, насихатсыз, абайсызда салған. Ол — жалпы тәжірибедегі жас дәрігер, еңбек жолын жаңа бастаған маман, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды, емделушілерден алғыс алған. Бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Аурухана әкімшілігімен медицина қызметкеріне ескерту түрінде тәртіптік шара қолданылды. Құпиялылық пен кәсіби этиканы сақтау бойынша қосымша түсінік жұмыстары жүргізілді. Аурухана әкімшілігі осы мәселе бойынша бақылауды күшейтті, — делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да денсаулық сақтау саласында 180 маман жетіспейтінін жазған едік.