БҚО-да Жеңіс сарбазына құрмет көрсетілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органының ардагері Ғабделқайыр Қуаншалиевтың 90 жасқа толу мерейтойы аталып өтілді.

БҚО-да Жеңіс сарбазына құрмет көрсетілді

Майдангерді аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, иығына зерлі шапан жауып, бағалы сыйлық табыс етті.

Ғабделқайыр Зейінұлы өз өмірінде жастар тәрбиесіне айтулы үлесін, құқық қорғау саласындағы қажырлы еңбегімен өңірдің қоғамдық-саяси тұрақтылығына, қоғамдық тәртіптің сақталуына айтулы қолтаңбасын қосты. Ол 1925 жылы Қаратөбе ауданының Ханкөл ауылында дүниеге келген. Қаратөбе орта мектебінің 10 сыныбында оқып жүргенде, 1942 жылдың соңында әскер қатарына шақырылды. Орынбор облысы Тоцк қаласында әскери дайындықтан өтті. 1943 жылдың қазан айында Брянск майданында 152 калибрлі артиллерия бригадасында байланысшы болып алғашқы ұрысқа қатынасқан. Ресей, Украина, Чехословакия жерлерін дұшпаннан азат етуге қатысты. Ұлы Жеңістен соң Өзбекстанның Ферғана, Түркменстанның Карки қалаларында әскери қызметін жалғастырып, 1950 жылдың наурыз айында елге оралады.

Алғашқы еңбек жолын 1951 жылы ішкі істер бөлімінде хатшы болып бастап, 1953-1955 жылдары Қазақстан бекетінде жауапты жұмыс жасады. Сосын Ташкент қаласындағы арнаулы милиция мектебінде оқып, 1957 жылдан бастап Чапаев аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, аға тергеуші қызметтерін атқара жүріп, 1959-1964 жылдары Ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары милиция мектебін бітірді. 1965 жылдың қаңтарында Тайпақ ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалып, оған 14 жыл басшылық етті. Зейнеткерлікке шыққан соң коммуналдық шаруашылықты, нотариалды кеңсені және өрт сөндіру бөлімін басқарды.

Жеңіс сарбазын құттықтауға жиналғандар бүгінде перзенттерінің қызығына бөленген қариямен емен-жарқын әңгімелесті.