БҚО-да жергілікті атқарушы органдардың қызметін рейтингтік бағалау жалғасуда
ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың қызметін рейтингтік бағалау жалғасуда.
19 маусым күні Шыңғырлау ауданының 2011 жылғы ІV, 2012 жылғы І тоқсандағы көрсеткіштері сараланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастап барған облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне талдау жасады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Руслан Бектемірдің айтуынша, 2011 жылдың қорытындысында Шыңғырлау ауданы БҚО бойынша әлеуметтік-экономикалық даму серпіні бойынша 3 орын алып, «жоғарғы даму серпіні бар өңір» атанған екен. Алайда 2012 жылдың І тоқсаны қорытындысында 10-орынға түсіп, «даму серпіні төмен» деген баға алған. Рейтингтік бағалауға кіретін 17 көрсеткіштің 9-ы бойынша алға басу байқалса, 8 көрсеткіш кері жылжыған.
Атап айтқанда, ауданда дене шынықтырумен, спортпен жүйелі айналысатындар саны 1,5 пайызға, сәбилердің мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы 0,8 пайызға өсіп, өлім-жітім 13,7 пайызға азайған. Бірақ ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 19,0 пайызға, белсенді шағын бизнес кәсіпорындарының саны 10,5 пайызға төмендеп, туберкулез дерті 1,6 пайызға, қылмыс саны 1,8 есеге өскен.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Дияс Жәнібековтің атап өткеніндей, биылғы бес айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шағын бизнестегі субъектілер саны 24,4 пайызға, жұмыспен қамтылғандар саны 0,7 пайызға, өндірілген өнім көлемі 7,6 пайызға азайған. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Кемел Сәдбековтің айтуынша, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бағыты бойынша ауданға бөлінген 160 млн. теңге несие қаражатының әзірше 25 пайызы ғана игерілген. Несие алу мақсатында құрылған 47 серіктестіктің 34-і конкурсқа қатысқанымен, төртеуі ғана жеңімпаз болыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Шағуан Ибрагимовтың мәліметінше, ауданда өсімдік шаруашылығы да, мал шаруашылығы да мардымсыз дамуда. Дәнді дақылдардың жоғары сорттары өндіріске енгізілмейді, мал азығын дайындау қарқыны баяу, ауданда соңғы екі жылда жаңадан 2 техника ғана алынған. Ірі қара басы азайған. Аудан тұрғындарының 38,7 пайызы мал ұстамайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймұрзиеваның сөзіне қарағанда, ауданда дәріханалар жүйесі жоқ. Сәби өлімі 2010 жылмен салыстырғанда 32,0 пайызға көбейіп, облыстық көрсеткіштен 29,5 пайызға артып кеткен. Аудан қазіргі таңда 7 маман-дәрігерге мұқтаж.
Жиында ауданда атқарылып жатқан игі істер де айтылды. Мысалы, ауданда тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы қарқынды жүруде. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін аудан орталығындағы 2 мыңға жуық шаңыраққа таза ауыз суы кіргізілмек. Облыстық білім басқармасының бастығы Марат Тоқжанов биылғы ҰБТ сынағына шыңғырлаулық түлектердің түгелге жуық қатысқанын атап өтті. Аудан әкімі Алдияр Халелов «биыл ауданға 7 дәрігер келсе, жетеуін де тұрғын үймен қамтимыз» деп отыр. Осы жиында сөз алған облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Жангелді Өтешов ауданда қылмыс санының өсуін құқық саласындағы соңғы реформалармен, яғни құқықтық тәртіп бұзушылықты тіркеу тәртібіндегі өзгерістермен байланысты екенін айтты.
Шыңғырлауға қатқыл табанды жол салынып жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Нұрлан Бекқайыр қажетті қаржы бөлінсе, алдағы екі жылда жол құрылысы аяқталатынын жеткізді. Бұған қоса, облыс ішінде жүріп тұрған темір жол қатынасын да тиімді пайдалану мәселесі көтерілді. Облыстық ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг бөлімінің бастығы Айгүл Есекенова рейтингке кірмесе де маңызы үлкен -ұлтаралық, дінаралық келісім мәселелеріне тоқталды. Ауданда құрылған қоғамдық бірлестік саны көп, бірақ оларды жергілікті бюджеттен қолдау жағы кемшін.
Шыңғырлау ауданы табиғи қолайлы аумақта, шойын жолдың бойында, Ресеймен шекарада орналасқан. Осы мүмкіндік толық пайдаланылса, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін көтеру қиын емес. Мемлекет тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне көрсетіліп жатқан көмек, жеңілдікті несиелер туралы да түсінік жұмыстары барынша жүргізілуі тиіс. Жиналысты қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аудан басшыларына халықтың бақуатты тұрмысы үшін барлық мүмкіндікті жасауын, мал ұрлығын ауыздықтауды, арзан мал азығы қорын жасақтауды, әлеуметтік сала жұмысын жандандыруды тапсырды.