БҚО-да жоғалып кеткен ер адамның денесі Жайық өзенінен табылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен ер адамның денесі Жайық өзенінен жеті күннен кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да жоғалып кеткен ер адамның денесі Жайық өзенінен табылды

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 30 қараша күні Бәйтерек ауданы Январцев ауылы тұсында Жайық өзенінен 34 жастағы ер адамның зорлық-зомбылық белгілері бар денесі табылды.

Марқұм 23 қараша күні із-түзсіз жоғалып кеткен болатын.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Приурал полиция бөлімі Январцев ауылының С. деген тұрғынын анықтап, ұстады.

Күдікті осы қылмысты жасағанын мойындады. Ол ҚР Қылмыстық істі жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібімен уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да іздеу жарияланған екі ер адамның бірінің денесі табылғанын жазған болатынбыз.