БҚО-да «Жол картасы» жұмыссыздар санының қысқаруына оң әсер етіп отыр
ОРАЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Жол картасы» жұмыссыздар санының қысқаруына оң әсер етіп отыр.
Жәнібек ауданында «Жол картасына» сәйкес 120 әлеуметтік жұмыс орнын ашу үшін республикалық бюджеттен 14,4 млн. теңге бөлінген болатын. Осыған орай ауданда 25 жұмыс берушімен келісім-шарт жасалды. Соның негізінде 1 сәуірден бастап жаңа жұмыс орындары ашылып, оған 135 адам жолданды. Бұлардың 60-сы әлеуметтік көмек алушылар болса, 31-і - балалары үшін жәрдемақы алатындар. Мерзімдік, кезеңдік жұмысқа жолданғандардың орташа жалақысы 24,2 мың теңгені құрады. Сөйтіп әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға бөлінген қаржы толықтай игерілді.
«Жол картасына» сәйкес Сырым ауданында 128 азамат жұмысқа тартылып, соның нәтижесінде жұмыссыздар саны едәуір қысқарды. 87 адам Талдыбұлақ орта мектебін, 32 адам №19 кәсіптік лицейді, 9 адам Жосалы ауылдық округіндегі Қоңыр мәдениет үйін жөндеуге қатысты. Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу үшін бұл ауданда да 14,4 млн. теңге қарастырылса, соның 10,8 миллионы игеріліп отыр. Мақсатты топ өкілдері қатарына жататын 120 азамат жұмысқа орналастырылды.
Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру барысында жұмысқа ең алдымен атаулы әлеуметтік көмек алушылар ұйымдастырылған болатын. Соның нәтижесінде АӘК алатындар саны қысқарып, соған бөлінген қаржыдан 5 млн. теңге үнемделді. Осының 2,665 миллионы Сырымда жастар тәжірибесін ұйымдастыруға, 2,055 миллионы қоғамдық жұмыс орындарын кеңейтуге, 280 мың теңгесі мүгедектерді жеке сауықтыру бағдарламасына сәйкес көмекшімен қамтуға бөлінді. Бұдан бұрын 64 жас маман 46 мекемеге орналасып, 20 мың теңгеден жалақы алуға қол жеткізсе, үнемделген қаржыға биылғы қыркүйек айынан бастап тағы 30-ы 21 мекемеге жастар тәжірибесі арқылы орналастырылды.
Осындай жұмыстар қала мен басқа аудандарда да атқарылуда.