БҚО-да жол-көлік оқиғалары 29 пайызға көбейіп отыр

ОРАЛ. 21 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айдағы жол-көлік оқиғалары өткен жылғыдан 29 пайызға көбейіп отыр.

БҚО-да жол-көлік оқиғалары 29 пайызға көбейіп отыр

Атап айтқанда, 54 адам қаза тауып, 12,5 пайызға артса, түрлі жарақат алғандар 33 пайызға өсіп кеткен. Бұл туралы облыстық ІІД жол полициясы басқармасының бастығы Төлеу Бедров мәлім етті.

Оның айтуынша, жол оқиғаларының жартысынан көбі жаяу жүргіншіні қағып кетуден болған.

Өңірде жол апаттарының алдын алу бағытында жұмыстар жасалуда. Айталық, Орал-Атырау күре жолында кезекшілікте жүретін патрульдік наряд саны арттырылып, бесеуге жеткізілді. Қаладан жетпіс шақырымға шейін жылдамдық баяулатылған. Қала ішінде жылдамдық өлшеу құралдары, бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Осы құралдар арқылы жол ережесін бұзғандардың бәрі анықталады. Айыппұл төлемейтіндердің жұмыс орнына хабарлама жіберіліп, басшысы арқылы да әрекет жасалады. Барлық мектеп алдына жасанды жол кедергісін қою жоспарлануда. Жүргізушілерге ой салу мақсатында көлік апаттары, зардап шегушілер туралы жазылған паннолар әзірленуде.

Соңғы жылдары облыстағы мемлекеттік автоинспекторлар саны 84 адамға көбейді. Бұрын аудандарда жалғыз маман жұмыс істесе, қазір кем дегенде үш автоинспектордан бар. Барлығы техникамен толық қамтылған. 41 жылдамдық өлшеу құралы бар. Биыл 11 жаңа көлік берілді. Компьютерлермен және басқа да ұйымдық техникалармен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық жағдай біраз түзелді.

Өкінішке қарай, жүргізушілердің көлік жүргізу мәдениеті әлі де төмен. Апаттардың басым көпшілігі жылдамдықты шектен тыс арттыру мен қарсы көлік ағынына шығудан болып жатыр.

Жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы да 36 пайызға артқан. 1500‑дей адам айыппұл төлесе, мыңнан астам іс қарауда жатыр.

Облыста тіркелген 140 мың көліктің сексен пайызы қалада. Жыл санап күшейген көлік ағынына қала көшелері тарлық етуде.

Жол қозғалысы ережесін сақтау тәртібін кез келген адам жүргізушілерді дайындау мектебінен үйренеді. Онда талапқа сай дәріс ала білген жан көлік жүргізудің қыр-сырын жетік біліп қана қоймай, жол қозғалысы мүшесі ретіндегі жауаптылықты сезіне түседі. Сондықтан да бұл сала лицензияланатын қызмет түріне енгізіліп, соған сәйкес ереже мен дәрежелеу талаптары бекітілді. Соңғы жылдары оқыту ұйымдарына талап қатая түсті. Дегенмен кішігірім қалаға 28 автомектеп көптеу сияқты. Көлікті жүргізіп үйретуге мән бермей, тек куәлік алардағы теориялық тестке әзірлейтін автомектептер де баршылық. Осындай сапасыз жүргізуші шығаратын мектептер азайса, тәжірибесіз жүргізушілердің кінәсінен болатын жол апаттарының саны азаяр еді.

Тағы бір өзекті мәселенің бірі - автокөлікті техникалық байқаудан өткізу. Үкімет құқық қорғау органдарын реформалау барысында мемлекеттік техникалық байқау жүргізуді бәсекелестік ортаға беруді жүзеге асырмақ. Төлеу Аманқұлұлының айтуынша, техникалық байқауды жүргізу жыл соңына дейін мемлекеттік автоинспекция қолында болады да, жаңа тетік жүйесі келесі жылдың 1 маусымынан бастап іске қосылады.