БҚО-да жол-құрылыс материалы сынамасының 220-дан астамы талапқа сай болмай шықты
ОРАЛ. KAZINFORM — «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының қызметкерлері жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысының жолдарының сапасын тексеру мақсатында 258 рет сапарға шықты.
Филиал директоры Рафис Зинетовтің мәлім еткеніндей, соның нәтижесінде жол-құрылыс материалдарынан 864 сынама алынды. Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде 221 сынама нормативтік құжаттарға сәйкес келмеді. Бұл ретте асфальтбетон керндерінің тығыздығы, суға қанықтылығы, инертті материалдардың физика-механикалық сипаттары, асфальтбетон қоспасының гранулометриялық құрамы назарға алынды, яғни сапасы төмен немесе қолдану технологиясы жоба талаптарына сай келмейтін материалдар анықталды.
— Сонымен қатар 356 ақаулық пен ескерту тіркелсе, соның 236-сы жойылған жоқ. Бұлар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, технолологиялық талаптардың сақталмауы, нысан басында сапаға жауапты техникалық бақылау өкілінің болмауы, жол жабындысының жоба бойынша геометриялық параметрлерінің ауытқуы және басқа кемшіліктер орын алды, — деді Р.Зинетов.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша өңірде республикалық маңызы бар жолдарда 8 жобаның үшеуі бойынша жұмыстар аяқталды.
Қазіргі таңда Атырау-Орал автожолында 3 жоба (189-249 км, 372-432 км, 432-492), Ақтөбе-Орал бағытында 1 (369-408 км), Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы жолында 1 (0-17 км) жоба жүзеге асырылып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО жолдарының сапасын тексерген кезде 250-ден астам ақау анықталғанын жазған едік.