БҚО-да жол құрылысы талаптарын бұзған компанияға 2,5 млн астам теңге айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Барбастау-Ақжайық-Индер автожолын қайта жаңғырту барысында заң талаптары бұзылғаны анықталды. 

БҚО-да жол құрылысы талаптарын бұзған компанияға 2,5 млн астам теңге айыппұл салынды
Фото: Бауыржан Ахметжанның жеке архивінен

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісінде жазғандай, «Uniserv» ЖШС Барбастау-Ақжайық-Индер автожолын (43-93 км) қайта жаңғыртуды 3,5 жыл жасап, 2024 жылы күзде бітірген.

Оның сөзіне қарағанда, 8,3 млрд теңгеге БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен 2021 жылы 8 сәуірде келісім-шарт жасалып, қаржы өткен жылы қазанда игерілген. Бірақ әлі 5 жыл кепілдік мерзімі бар.

БҚО-да жол құрылысы талаптарын бұзған «Uniserv» компаниясына 2,5 млн астам теңге айыппұл салынды
Фото: Бауыржан Ахметжанның жеке архивінен

— Өткен жылы қоғамдық бақылау жүргізген кезде жаңа асфальттың беті тегіс емес, көп жерінің көтеріліп кеткені анық байқалды. Ауыр жүк көліктері өздері салған асфальтты қиратып, қайтадан бүлдірген. Жол бойында үлкен тесік-шұңқырлар өте көп, оған ағымдағы жөндеу жасалып жатыр. Жолдың жиегі де талапқа сай болмай шықты, — дейді Бауыржан Ахметжан.

Оның айтуынша, БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы хаттама толтырып, ол сотта қаралған. Алайда Теректі аудандық сотының судьясы Айнұр Халықова істі заңсыз қысқартқан.

Прокуратураның өтінішіне сәйкес іске судья Мағира Қитарованың төрағалық етуімен облыстық соттың апелляциялық сатысында нүкте қойылды.

БҚО сотының биылғы 18 маусымдағы қаулысында көрсетілгеніндей, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде жобалау-сметалық құжаттама, заңнама және нормативтік-техникалық құжаттар талаптарының бұзылғаны белгілі болды.

БҚО-да жол құрылысы талаптарын бұзған «Uniserv» компаниясына 2,5 млн астам теңге айыппұл салынды
Фото: Бауыржан Ахметжанның жеке архивінен

Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабы 1-бөлігіне (техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұза отырып, жобалау алдындағы, iздестіру, жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау) сәйкес «Uniserv» ЖШС-ына 2 млн 584,4 мың теңге айыппұл салды.

— Аталған компания қазіргі кезде жеті бағытта 98,7 млрд теңгеге жол құрылысы жұмыстарын істеп жатыр. Асфальт жол сапалы салынуы тиіс. Осы орайда қоғамдық бақылау жұмыстарын жалғастыра береміз, — деді Бауыржан Ахметжан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жергілікті жолдар қалай салынып жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 40-тан астам нысанда құрылыс талаптарының сақталмағаны хабарланды

Соңғы жаңалықтар