БҚО-да «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 5 мәдени нысан күрделі жөндеуден өтеді

ОРАЛ. 7 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күні бүгін 770 мемлекеттік мәдениет ұйымы, екі қоғамдық музей, 3 жеке кинотеатр жұмыс жасайды.

БҚО-да «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 5 мәдени нысан күрделі жөндеуден өтеді

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айдар Батырхановтың айтуынша, биыл Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылында кітапханасы бар клуб ғимараты тұрғызылмақшы. Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық шығармашылық орталығы да салынады. Сондай-ақ 2014 жылы құрылысы басталатын Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының осы заманғы ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады. Бұл ірі жобалардың барлығы облыс әкімдігінің қолдауымен «ҚПО б.в.» компаниясының өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына беретін қаржысы есебінен жүзеге асырылмақ.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес 5 мәдениет нысаны күрделі жөнделеді. Атап айтқанда, Ақжайық ауданының Алғабас, Қаратөбенің Қоржын, Теректінің Покатилов, Шыңғырлаудың Белогор ауылдарында мәдениет үйлері, сондай-ақ Ақсай қаласында мәдениет және демалыс саябағы ретке келтірілмек.

Жалпы, өңірде 18 жаңа мәдениет ғимаратын салу үшін 1404,4 млн. теңге керек. 9 мәдениет ошағы апаттық жағдайда тұрса, 62 ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді.