БҚО-да жүргізушілер айналма жолмен жүру қиынға айналғанын айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепный ауылы маңында автокөліктің айналма жолмен су кешіп келе жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

БҚО-да жүргізушілер айналма жолмен жүру қиынға айналғанын айтып шағымданды
Фото: ҚазАвтоЖол

Instagram әлеуметтік желісінде тұрғынның мәлім еткеніндей, судың астынан шұңқырды байқау қиын. 


- Масқара жағдай, мұнымен автокөлікті құртамыз. Жазда шаң тұрса, енді суды сормаса болмайды. Көзбояушылыққа салынбай, дұрыс айналма жолды неге салмайсыздар? Неге адамдар зардап шегуі тиіс? – дейді тұрғын.

Тағы бір жүргізуші бейнежазба жариялап, айналма жолмен жүрудің мүмкін еместігін айтады.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалынан мәселені анықтады.

Филиал директоры Асылбек Марданның мәлімдеуінше, айналма жол Орал-Ақтөбе-РФ шекарасы («Сырым» автокөлік өткізу бекеті) және Атырау бағытындағы (0-16 км) жол айрығы құрылысы кезінде уақытша салынған. 

Оның сөзіне қарағанда, құрылыс талаптарына сәйкес инертті материалдарды (қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы) қолдана отырып, айналма жолдарда өтпелі төсем төселеді. Қазан айының ортасынан бастап жаңбырдың толассыз жаууына байланысты жолға балшық жиналған. 

- Дегенмен мердігер ұйым жол учаскесін судан тазарту жөнінде шаралар қабылдады. Сондай-ақ жол жабынын реттеп, ақауларды жою үшін жол техникалары жіберілді. Бұдан бөлек, қолайлы ауа райы кезінде жол шөгіп кеткен жерлерде қосымша қоспа төсеу жұмыстары атқарылатын болады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы өз тарапынан уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, айналма жолда жол-көлік оқиғалары туындамауы үшін жүргізушілерден жылдамдық режимін сақтауды өтінеді. Күні бүгін барлық көлік құралдары үшін айналма жолмен жүру қамтамасыз етілді, - дейді А.Мардан.

Оның айтуынша, республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы («Ақсай» автокөлік өткізу бекеті) автожолын (0-36 км) реконструкциялау жобасын биыл аяқтау көзделген. Мердігері – «Казкомсервис» ЖШС.

- Жол учаскесі құрылысының ұзындығы – 37,1 километр. Жобамен толықтай жаңа жол жабынын төсеп, автожолды ІІ техникалық санатқа ауыстыру көзделген. Сонымен қатар 2 жол айрығы, үш жол өткелі және су өткізетін 40 құрылым (темірбетон тұрбалар) салынуда, - деп қосты филиал директоры.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда республикалық жол бөлігі неліктен жөнделмей қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар