13:30, 30 Қараша 2011 | GMT +5
БҚО-да жыл басынан бері жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге қатысты 7561 әкімшілік хаттама толтырылды
ОРАЛ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге қатысты 7561 әкімшілік хаттама толтырылды.

БҚО ІІД жол полициясы басқармасынан хабарлағанындай, өткен жылы осындай мерзімде 4175 хаттама ғана толтырылған болатын. Тіпті бір жыл ішінде төрт рет тәртіп бұзған адам кездесіп отыр. 25 қараша күні Орал қаласының тұрғыны Н.Ахмедовке әкімшілік хаттама толтырылды. Ол бұдан бұрын наурыз, маусым және қазан айларында жол ережесін бұзып, көзге түскен еді. Енді оған сот шешімімен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл салынады немесе үш тәулікке қамалады. Мұндай жағдай облыста алғаш рет тіркеліп отыр.
БҚО жол полициясы «Жолда анық көрін» атты іс-шарасын ұйымдастырып, жаяу адамдарды жарыққа шалынатын киімдер киіп, жол ережесін бұзбауына шақырып отыр.