БҚО-да 1500 орындық жайлы мектеп қолданысқа берілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған жаңа мектеп қолданысқа берілді.

Заманауи үлгіде бой көтерген №51 мектеп Орал қаласының Деркөл кентінде орналасқан. Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды факторы. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс»,- деп атап айтқан болатын. Осы бағытта облысымызда жаңа мектептер салынып, білім ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында 2 жыл ішінде жаңа 22 орта мектеп бой көтерді. 2025 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 мектептің құрылысы жалғасын табады, - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Жаңа мектеп 1500 орынға лайықталып, заманауи құралдармен жабдықталған. Көлемі 15 мыңнан астам шаршы метр ғимаратта пәндік кабинеттермен қоса 4 спорт залы, бірнеше шеберханалар мен коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залдары бар. Оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.

Мектептің ашылуына қатысқан білім саласының ардагерлері соңғы жылдары өңірде білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Біздің қаламызда осындай үлкен, кең, жарық, заман талабына сай салынған мектептің ашылғанына қуаныштымыз. Әсіресе, балаларымыз дән риза. Расымен, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында ауқымды жұмыстардың атқарылғанына көзіміз жетті. Сол себепті, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, осы құрылыс жұмыстарын жүргізген жандарға алғысымды білдіремін, - деді білім саласының ардагері Қайролла Айтқалиұлы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістанда тағы бір жайлы мектеп ашылғанын жазған болатынбыз.