БҚО-дағы ауруханада лифт жұмыс істемейді: Науқастарға қиын болып тұр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы 2-аудандық ауруханада лифтінің жұмыс істемейтіні туралы әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың мәлім еткеніндей, науқастар үшінші қабаттан түсу немесе қайта шығу үшін баспалдақты пайдалануға мәжбүр болуда.
- Бұл жасы ұлғайған, мүгедектігі бар, сондай-ақ ота жасалған адамдарға өте қиын. Жүк лифтісі үш жыл бойы жұмыс істемейді. Бюджеттен қаржы бөлінген. Мердігерді тезірек анықтап, жұмысқа кірісу керек. Аурухана барлық адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Мұнда олар өз денсаулығын сынау үшін емес, емделу үшін келеді, - дейді А.Иқсанова.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО денсаулық сақтау басқармасына арнайы сауал жолдаған еді.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, Бәйтерек ауданындағы 2-аудандық ауруханада жүк лифтісін орнатуға байланысты облыстық мәслихаттың 2026 жылғы 4 маусымдағы № 25-1 шешімі негізінде мемлекеттік сатып алу порталында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу жүргізілуде.
- Баға ұсыныстары 2026 жылғы 9-11 маусым аралығында қабылданады. Сатып алу қорытындысына сәйкес аурухана үшін жаңа жүк лифтісі алынып, орнатылатын болады, - делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауылдағы қоқыс полигонынан медициналық қалдықтар табылғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да табылған медициналық қалдықтардың жай-жапсары белгілі болды.