БҚО-дағы жол апатында шақалақ пен екі жасар сәби аналарынан айрылды

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан бір адам көз жұмып, төртеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

көлік апаты
Фото: "ҚазАқпарат" ХАА

БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 26 қыркүйек күні Орал-Атырау жолының 272-шақырымында болды.

"Маңғыстау облысының тұрғыны, 22 жастағы жүргізуші Toyota Camry автокөлігінің руліне ие бола алмай қалып, 36 жастағы жүргізуші (ол да Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғыны) айдап келе жатқан Volvo жүк көлігімен соқтығысуға жол берген.

Салдарынан жеңіл көлікте отырған 23 жастағы келіншек оқиға орнында көз жұмды. Оның 2021 және 2023 жылы туған екі баласы мен 26 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомстводан.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы маңында "Нұр" жанар-жағар май құю станасы тұсында болған. 23 жастағы келіншек жедел жәрдем жеткенше қайтыс болған. Тайпақ ауылдық ауруханасына 4 адам түсті. Соның ішінде екі бала кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына санавиациямен жеткізілді. Балалардың жағдайы орташа ауыр. 26 және 22 жастағы науқастар амбулаториялық ем алу үшін бүгін үйлеріне жіберілді. Олардың жағдайы тұрақты.

Соңғы жаңалықтар