БҚО-дағы астық сақтау қоймасы Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына 600 млн. теңгеден астам қаражат өндіріп беретін болды
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысындағы астық қабылдау кәсіпорнынан Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының пайдасына 533 млн. теңге және 106 млн. теңгеден астам айыппұл өндірілетін болады.
Бұл туралы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ хабарлап отыр.
Компанияның мәліметіне қарағанда, элеваторға астық сақтауды сеніп тапсырған ұлттық компанияның залалдарын өтеу үшін қаңтардың басында бұл шешімді сот шығарған. Әңгіме Азық-түлік келісім шарт корпорациясы анықтаған «Пойменское АҚК» ЖШС астық қоймасында астықтың кем шығу фактісі туралы болып отыр.
Белгілі болғандай, 23 қаңтарда 2012 жылдың қорытындысына және "Қазақстан -2050" стратегиясын іске асыру бойынша міндеттерге арналған мәжілісте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовке Бас Прокуратурамен бірлесіп «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ резервтеріндегі 500 миллион теңге сомаға астықтың кем шығу дерегі бойынша тергеу жүргізуді тапсырған болатын.
Батыс Қазақстан облысындағы элеваторда астықтың кем шығуын Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы өткен жылдың күзінде анықтаған. Сол уақытта ұлттық компанияның және оның Батыс Қазақстан облыстық өкілдігінің өкілдері аталған астық қабылдау кәсіпорнындағы Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының астығы сақталған орынға тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде 12 722 тонна көлемінде астықтың жетіспейтіндігі анықталған.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекция комитетінің тексеру актісін алғаннан кейін Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы «Пойменское АҚК» ЖШС-нің атына талап хат жолдады. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Пойменское АҚК» ЖШС-нен берешек сомасын өндіріп алу туралы талап арыз жолдады.
2013 жылғы 4 қаңтарда сот «Пойменское АҚК» ЖШС-нен Азық-түлік келісім шарт корпорациясының пайдасына оның шығындарын өтеу үшін 533 млн. теңгеден астам берешегін және 106 млн. теңгеден астам мөлшерде айыппұл өндіріп алуға шешім шығарды.
Бүгінгі күні Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына қарасты 6 АҚК бар. Ал Қазақстан бойынша 215-тен астам лицензияландырылған АҚК бар, олардың қуаты 14 млн. тоннаға жуық астықты сақтауға мүмкіндік береді.