БҚО-дағы киік санағы ақбөкендерді қорғауды күшейту қажеттігін көрсетті

Л. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында төрт күн бойы жүргізілген санақ кезінде 6839 киік есепке іліккен. Елімізде киіктерді санау ісі биыл ертерек басталды.
None
None

Аша тұяқты түз тағыларын шотқа соғу үшін бұған жауапты топ сәуір айы басталысымен атқа қонған. Ең әуелі Бетпақдаланың, сосын Үстірттің үстімен ұшты. Енді міне, Еділ мен Жайықтың ортасында орналасқан Қазталов ауданына келді.

ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетіне қарасты «Охотзоопром» РМКК-ның киікті есептеу және мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Мұрат Шәрдембаевтың сөзіне қарағанда, былтыр республика көлеміндегі киік саны, жаппай қырылуын есепке алғанда, 90 мыңдай болды. Оның 53 мыңы Бетпақдала жазығында мекен етсе, бес мыңға жуығы Үстірт популяциясына кірді. Қалған 31 мың бас ақбөкен Еділ мен Жайық өзендері аралығында жайылды. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға көп. Оның көбеюі Бепақдала мен Орал популяциясының өсуі негізінде жүзеге асты. Ал Үстірттің киігі елу пайызға жақын азайған. Оның өзіндік себебі бар. Үстірт киігі қыстауға Қарақалпақстан еліне барады. Көктемде біразы ол жақтан қайтпай қалады. Өзбекстан Республикасындағы қаскерлердің (броконьер) біздің асыл түлігіміздің өсуіне зиянын тигізіп отырғандығын осыдан көруге болады. Өткен жылы осы үш популяцияға кіретін киіктердің орналасу аумағының өзгергендігін анықтадық. Яғни 2009 жылмен салыстырғанда бұл жануарлар 100-150 шақырым солтүстікке қарай ығысқан. Мұндай жағдай биыл да байқалуда.

Еліміздегі киік санының көбеюіне ықпал етіп отырған - Бетпақдала өңірі. Ұшқан құстың қанатын талдыратын бұл мекенде жезқанат, күміс бауыр киіктер қатары биыл да өскен. Мұны ҚР Білім және ғылым министрлігі Зоология институтының ғылыми қызметкері Александр Грачев анық аңғарған. Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының аумақтарын қамтитын бұл жерде алдын ала есептеулер бойынша киік саны өткен жылғыдан жиырма пайызға көбейіпті. Санақ әлі жүруде. Кеңес заманынан бері киік санағына қатысып келе жатқан А.Грачев біраздан бері үйірінде 30-дан аса бас бар киіктерді көре алмай жүрген. Биыл көріпті. Үйір демекші, өткен жылдары үш популяцияда да шағын үйірлер (30 басқа дейін) көп болған. Әсіресе,Бетпақдалада. Ал Үстіртте жүзден аса бас бар бірде-бір үйір кездеспепті. Өткен жылы бұл бағытта Ақ Жайық өңіріндегі көрсеткіш жоғары болды. Биыл да жаман емес. Жәнібек, Қазталов аудандары аумағында орташа үйірмен желіп жүрген ақбөкендер жиі кездесті.

Cоңғы кезде киік санағында ерекшелік көп. Санақ жаңа әдіс бойынша жүргізілуде. Облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Ерсайын Шатеновтың айтуынша, бұл іске қатысты халықаралық әдістеме 2007 жылдан бастап қолданыла бастаған. Дәл осы жылы жабайы жануарлардың есебін алу бойынша БҰҰ-ның арнайы жобасы елімізде қолданысқа енгізіліпті. Соған орай санаққа шетелдік сарапшылар тартыла бастады. Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы арқылы жұмысқа тартылған шетелдіктер 2008 жылы алғаш рет киік санағына бақылаушы ретінде қатыстырылды. Ал келер жылы олар бұл іске өз жаңалықтарын әкелді. Соның бірі - ұшу ісіне арналған джипиэс жүйесі. Африкадағы жабайы аңдарды санау кезінде өзінің тиімділігін көрсеткен бұл құрылғы еліміздің географиялық-әлеуметтік жағдайына сәйкестендірілген. Қазір ұшқыштар бұрынғыдай қайта-қайта картаға қарамайды. Шағын компьютер іспеттес осы құрылғыда сызылған маршрутпен жүріп отырады. Тағы бір артықшылығы, ұшқыш не киік санаушы бір жерден ақбөкендерді көрсе, осы құрылғыны солай қарай бағыттап, экранына нүкте қояды. Джипиэс сол сәтте ол қай жер екенін көрсетіп, оның картасын шығарып береді. Ұшақ келесі айналымда ол жерден елу шақырым қашықтықта ұшып өтеді. Ал бұрын санақшылар әуеден сол мекенді шамамен қағазға түсіретін. Электронды есептеуіш құрал болмаған соң, тиісті қашықтық сақталмайтын. Соның нәтижесінде бір үйір киік қайта санаққа ілігіп жүрді.

Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығында қызмет атқаратын халықаралық сарапшы Штефан Цутердің айтуынша, санақшылар осы маркердің ішіне кірген киіктерді негізгі есепке алады екен. Соның негізінде бір шақырымға шаққандағы киіктердің сол аумақта орналасу тығыздығы, экстраполяциясы, содан барып жалпы киік саны шығарылады. Ұшақтың екі жағына нысананы алыстан алатын сандық фотоаппараттардың орнатылады. «Сағатына 150 шақырым ұшқан кезде есепші 3-4 секундтың ішінде киіктерді санап үлгеруі керек. Бұл оңай емес, - дейді Штефан Цутер. -Егер үйірдегі жануар саны жиырмадан асса ,тіптен қиындайды. Оның үстіне киіктер бір орында тұрмайды ғой. Осындай кездерде киік санына қатысты үлкен қателіктер жіберіледі. Сол себепті біз фотоға түсіру тәсілін енгіздік. Ұшып келгеннен соң фотоаппараттағы сурттерді компьтерге салып, киіктердің санын нақтылаймыз».

Биыл ұшақтың ұшу биіктігінде де өзгеріс бар. Бұған дейінгі санақтарда ұшақ 80 метрге дейін көтерілсе, биылдан бастап ол 120 метрге дейін биіктеген. Төрт жылдан бері елімізде жүрген неміс жігітінің сөзіне сенсек, үйірімен шауып бара жатқан түз тағылары бір-бірін тасалайды. 80 метр биіктіктен тасада қалған киік жөнді көрінбейтін көрінеді. Сөйтіп санға әсер етеді. Ал 120 метр биіктік бір-біріне тақалып келе шапқан жануарларды анық байқауға мүмкіндік береді. Былтыр тек Бетпақдалада тәжірибе ретінде пайдаланылған бұл әдісті ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің мамандары мақұлдап, биыл барлық популяцияға байланысты қолданысқа енгізіпті.

БҚО-да өткен жылы орын алған пастереллез дерті даланың ерке жануарын біраз азайтқаны белгілі. Санақшылар Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Тасқала аудандарының аумақтарына барып, 6839 бас киікті санапты. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда ол едәуір аз.

-Әскери полигондар болуы себепті біз бұл жолы Бөкей ордасы ауданының аумағын толық қарай алмадық. Ал киіктер негізінен осы жақта қыстаған еді. Тасқала ауданында өткен жылы 2 мың бас киікті көрсек, биыл тек 150 бас санадық. Су тасқынына байланысты олар басқа жаққа қоныс аударғаны анық. Біз Жайық өзенінің арғы жағына, Тайпақ өңіріне қарай кетті деп болжап отырмыз. Ол жаққа баруға бізге берілген ұшу сағаты жетпей қалды. Осы себептерді және өткен жылғы жаппай қырылуды есепке алып сарайлатын болсақ, Ақ Жайық өңіріндегі ақбөкендер санына шүкірлік етуге болады. 6839 бас бұл нақты сан емес. Зоология институты мен Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы мамандары экстраполяция және басқа да әдістермен есептеп, маусым айында нақты санын шығарады. Осының бәрін есептегенде біз шамамен 20 мыңның үстінде киік шығады деп отырмыз, - дейді «Охотзоопром» РМКК-ның Батыс Қазақстан аймақтық филиалының директоры Хабит Мақаш.

Мамандар санақ кезінде киіктің аталығына да жіті назар аударды. Өткен жылғы өлім-жітім кезінде олардың қырық пайыздайынан айырылсақ, жеңіл жолмен баюды көздегендер мүйізі үшін киіктің текесін ғана нысанаға алады. Киіктің оралдық популяциясы бойынша кандидаттық диссертация қорғауға дайындалып жүрген Зоология институтының жас ғалымы Жарылқасым Әбдікерімов төрт күн ішінде бес жүздей аталықты санапты. Бұл аз. Және көпшілігі ұсақ. Ол болашақ төлге әсер етуі мүмкін. «Бір қуанғанымыз, - дейді жас ғалым, - Ақ Жайықтың ақбөкендері тың әрі сергек екен. Егер олар осы күйінде тұрса, тез өсіп, осы жердің сәнін келтіреді әлі».

Соңғы жаңалықтар