БҚО-дағы тәртіптік кеңес аудан әкімінің орынбасарын жұмысынан босату туралы ұсыныс берді

Отырыста алдымен «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң және мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің сақталу барысына жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев есеп берді. Аталған заңнамаларды сақтау бағытында ауданда бірқатар кемшіліктердің орын алғаны айтылып, алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру бағытында шаралар қолдану қажеттігі атап көрсетілді.
Қазталов ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Эльмира Хайруллина мен оның орынбасары Аслан Сәрсембиевтің тәртіптік істері талқыға салынды. Аталған мекемеде ҚР Еңбек кодексі талаптарының бұзылуына жол берілген. Анығырақ айтқанда, шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарып жүрген адам болса да, сол орынға ашық конкурс жарияланып, қызметкерді заңсыз жұмысынан босатып жіберген. Кейін ол прокуратураның ұсынысымен өз орнына қайта орналасып, конкурс қорытындысы заңсыз деп табылған. Құқықбұзушылық болған кезде директор міндетін атқарған А.Сәрсембиевке «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабын бұзғаны үшін тиісті тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс жасалса, тәртіптік кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен Э.Хайруллинаға қатысты істі тоқтату жөнінде шешім қабылданды.
Жымпиты ауылы тұрғындарының арызына сәйкес Сырым ауданы әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев, аудан әкімдігінде құрылған тәртіптік комиссия төрағасы Әділ Жоламанов, мүшелері Ерлан Сәрсенов, Өркен Бектеновтің істері қаралып, мынадай жай анықталды. Аталған мемлекеттік қызметкерлер «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңының талаптарын әлденеше рет бұзған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Тасболатовқа тәртіптік жазаны дұрыс қолданбай, оның жауапкершіліктен құтылып кетуіне жол берген. Әсіресе, сол мезгілде аудан әкімінің міндетін атқарған Т.Төреғалиев тексеру жүріп жатқанына қарамастан, Н.Тасболатовты өз еркімен қызметінен босатып жіберген. Сондықтан Т.Төреғалиевті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барғаны үшін қызметінен босату, ал тәртіптік комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Ә.Жоламанов, мүшелері, аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Сәрсенов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ө.Бектеновке қатысты мәні бойынша шешім қабылдау жөнінде аудан әкіміне ұсыныс берілді.