Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-дағы тәртіптік кеңес бірнеше қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді ұсынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында бірнеше мемлекеттік қызметкердің тәртіптік істері қаралды.

БҚО-дағы тәртіптік кеңес бірнеше қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді ұсынды

Облыс прокуратурасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспекциясында тексеру жүргізген кезде лауазымды қызметкерлер тарапынан Қазақстан Республикасына жалған ветеринарлық сертификаттар бойынша ет өнімдерін әкелуге байланысты тиісті шаралардың алынбағандығын анықтаған. Яғни прокуратураның пікірінше, ет өнімдерін жіберуші Бразилия елінен сертификат түпнұсқасының жоқтығына, сондай-ақ Литва Республикасында берілген құжаттың тиісті үлгіге сәйкес келмеуіне қарамастан, мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторлар М.Қалменов пен С.Сүндетов сертификаттарды заңсыз қайта ресімдеген. Кейін ет өнімдері тиелген автокөлік Ресей Федерациясында ұсталған. Осыларды қарай келе, тәртіптік кеңес аталған инспекцияның бөлім басшысы Ғалымжан Шәкенов, бас маманы Марат Қалменов пен жетекші маманы Серік Сүндетовке «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңы 12-бабы 1-тармағы 10-тармақшасы негізінде қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде ұсыныс жасады.

Бөрлі аудандық орталық ауруханасының директоры Мақсот Байшеркешев мемлекеттік сатыпалуларды жүргізу барысында заңбұзушылықтарға жол берген. Сонымен қатар отырыста бес адамның өліміне (біреуі - төрт айлық сәби) байланысты аурухана дәрігерлерінің үстінен алты қылмыстық іс қозғалып, соның нәтижесінде Бөрлі ауылдық амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері Н.Анарбекованың аудандық сот үкімімен айыпты деп танылғаны атап өтілді. Бұл жөнінде М.Байшеркешев осы істерге қатысты дәрігерлердің қызметінен төмендетілгенін жеткізді. Тәртіптік кеңес М.Байшеркешевке де қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді жөн деп тапты.

Кеңес отырысында ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Серікболат Ешев, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Жаңақала ауданы әкімі аппаратының басшысы - тәртіптік комиссия төрағасының орынбасары Азамат Қарменовтің есептері тыңдалды.