Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-дағы тәртіптік кеңес отырысында мемлекеттік қызметкерлердің істері қаралды

ОРАЛ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің шілденің 16-сы күнгі отырысында мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды.

БҚО-дағы тәртіптік кеңес отырысында мемлекеттік қызметкерлердің істері қаралды

Тәртіптік кеңес алдымен Жаңақала ауданы Мәстексай және Көпжасар ауылдарының әкімдері Еркін Сапаров пен Сағат Боранбаевтың істерін талқыға салды. Аудан прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, әкімдік аппараты ғимараттарындағы бос бөлмелерді кәсіпкерлерге жалға беру кезінде заңдылықтар сақталмаған. Атап айтқанда, кәсіпкерлер аудандық қаржы бөлімімен келісімшартқа отырмаған. Сол себепті Ар-намыс кодексі талаптарын бұзған аталған әкімдерге ескерту беру туралы ұсыныс жасалды.

Сырым аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Шынар Дүйсенғалиева және бөлімнің бас мамандары Ләззат Карина мен Жанаргүл Кәрімғалиева жеке тұлғаның өтініштерін тіркеу-қабылдау, жауап беру кезінде салғырттыққа жол берген. Сонымен бірге бөлімде тәртіптік жаза беру ережелері де бұзылған. Осыған байланысты аудан әкімі мен бөлім бастығына аталған мемқызметкерлердің атқарып отырған лауазымына сәйкестігін қарау ұсынылды.

Жәнібек аудандық әділет басқармасының бастығы Хұсайын Сахановтың ісі мәні бойынша шешім қабылдау үшін облыстық әділет департаменті бастығына жолданса, қарауындағы қызметкерге заңсыз тапсырма берген облыстық соттар әкімшісінің орынбасары Жандос Саматовқа ескерту түріндегі жаза белгілеу жөнінде ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттар әкімшілігі комитеті төрағасына ұсыныс жасалды.

Отырыста сондай-ақ облыстық әділет департаментінің бастығы Әсия Мұхитованың есебі тыңдалып, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалар мен Ар-намыс кодексі талаптарын бұзуға жол бермеу қажеттігі атап көрсетілді.