БҚО дәрігерлері үш литрге жуық қанын жоғалтқан жас жігітті ажал ауызынан арашалап қалды
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жәнібек ауылының тұрғыны Тұрарбек Қожанов 24 желтоқсан күні бір жақ санына салынған пышақ жарақатымен ауыр халде аудандық ауруханаға түскен.
Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Берік Төлеуовтің сөзіне қарағанда, оқиға былай өрбіген. Аудан орталығындағы фотосалонда суретке түсіруші болып істейтін жиырма жастағы Тұрарбек Қожановтан танысы әрі құрдасы Нұрбол Рыспаев ақша сұраған. Тұрарбектің әмиянында ақшаның бар екенін ол фотосалонда тұрғанда көріп қалған. Сөйтіп, жәбірленушінің әмиянымен қоса ішіндегі 10 мың теңге ақшасын тартып алған. Тұрарбек ақшасын қайтаруды талап етіп, қарсылық көрсеткенде, Нұрбол оның сол жақ санына пышақ сұққан. Кейін жарақат алған құрдасын тағы бір азаматпен бірге автокөлікпен аудандық ауруханаға жеткізіп салып, ізін суытқан. Қазір 1992 жылы туған, еш жерде жұмыс істемейтін Н.Рыспаевтың үстінен қылмыстық кодекстің 78-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аудандық орталық аурухана хирургі Марат Ералиевтің айтуына қарағанда, жас жігіт ауруханаға түскенде ес-түссіз жатқан. Осында келгенде, ол 3 литрге жуық қан жоғалтқан. «Дәрігерлер мен медбикелер оның қанын тоқтатып, алғашқы медициналық көмектер көрсетті. Өте ауыр халдегі науқастың аман қалуы неғайбіл болатын. Шұғыл түрде тапсырыс беріп, қан құйдық. Оралдан санитарлық авиациямен дәрігерлер келіп, түнгі сағат 12-ден бастап, 4-5 сағат бойы ота жасадық. Науқастың беті қазір бері қарап,тамақ ішуге жарап қалды. Берген дәрілерді де ішуде», - деді М.Ералиев.