БҚО: денсаулық сақтау саласында 16,3 млрд. теңге игерілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы денсаулық сақтау бюджеті 22,2 млрд. теңгеге (өткен жылы - 21,9 млрд. теңге) жетсе, соның ішінде республикалық бюджеттен - 14,2 млрд. теңге, жергілікті қазынадан 8,0 млрд. теңге бөлініп отыр.
None
None

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, биылғы тоғыз айға қарастырылған 16,3 млрд. теңге толықтай игерілді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Оралда 300 төсектік қалалық көпбейінді аурухана құрылысы аяқталып келеді. Жобаның жалпы құны - 8,3 млрд. теңге.

Қазіргі таңда өңірде 631597 адамға 422 денсаулық сақтау нысаны (соның 385-і ауылдық жерде) медициналық қызмет көрсетеді.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биылғы тоғыз айда әлеуметтік кесел болып саналатын бірқатар ауру бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтқанда, туберкулезбен сырқаттанушылар 6,4 пайызға (100 мың адамға шаққанда 40,8-ден 38,2-ге), осы дерттен өлім-жітім 16,7 пайызға (100 мың адамға шаққанда 3,0-ден 2,5-ке дейін) төмендеді. Ерте сатыдағы қатерлі ісіктерді анықтау көрсеткіші 2,6 пайызға жоғарылап, 56,3 пайызды (2014 жылы - 54,9 пайыз) құрады. Соған байланысты қатерлі ісіктен көз жұмғандар 5,7 пайызға (100 мың адамға шаққанда 71,9-дан 67,8-ге дейін) азайды. Жарақаттар мен уланудан өлім көрсеткіші де 7,3 пайызға (64,1-ден 59,4-ке) кеміген.

Облыста ауруды ерте анықтау мақсатында 274659 адам немесе өңір халқының 43,5 пайызы скринингтік зерттеумен қамтылып, солардың ішінен 3,4 пайызынан (9362) бастапқы ауру белгілері анықталды. Осының 99,5 пайызы (9316) есепке қойылды.

Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтуға республикалық және жергілікті бюджеттен 3,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл 81 мыңнан астам адамды тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға мүмкіндік берді.

Биыл 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы мәреге жетіп, алдағы жылдан 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Елбасымыздың «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында атап көрсетілгеніндей, денсаулық сақтауды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді.

Айта кетейік, өңірде 1564 дәрігер (10 мың тұрғынға - 25,2), 5693 орта буын медицина қызметкері (10 мың тұрғынға - 90,1) қызмет етеді. Биыл БҚО-ға 87 жас маман келсе, соның 52-сі ауылдық жерлерге жіберілді. Сондай-ақ өзге облыстардан 6 маман қоныс аударды.

Соңғы жаңалықтар