БҚО: Ең бастысы, адамдар қиындыққа мойымауы керек - ҰОС ардагері
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Адам өмірге келген соң, күшті де батыл болып өсуі керек. Ең бастысы, қиындық біткенге мойымай, күресе білуі қажет. Әрине, алдымен бейбіт өмірге не жетсін! Бұл туралы Орал қаласында тұратын майдангер, жуырда 90 жасқа толатын Екатерина Крылова мәлім етті.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» қолбасшылығының баспасөз хатшысы Ерболат Сұлтановтың хабарлағанындай, көптеген тұстастары секілді, оның жастық шағы да соғыс жалынына ерте шарпылды. Киев облысы Звенигород ауданы Гусаков ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген Катя жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін Киев фельдшерлік-акушерлік мектебіне оқуға түседі. Ол кезде небары 16 жаста еді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталуына байланысты он жеті жасында қызыл әскер қатарына алынады. Саратов облысы Красный Яр стансасында тұрған 282-атқыштар полкында адам жетіспеуіне байланысты оны фельдшер етіп бекітеді. Неміс басқыншыларымен алғашқы ұрысты Сталинград трактор зауытының қорғаныс шебінде өткізді. Кескілескен ұрыс кезінде рота командирі мен саяси жетекшісі қаза тауып, батальон командирі жараланады. Ротаны басқару тізгінін өз қолына алып, жауынгерлерді қарсы шабуылға көтереді. Осы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Сталинград шайқасынан кейін Курск, Чернигов түбіндегі ұрыстарға қатысып, Висла, Одер өзендерінен өтеді. Көптеген жаралы жауынгерді майдан даласынан алып шығады.
Ұлы Жеңісті Бреслауда қарсы алған Екатерина Семеновна Қызыл Жұлдызға қоса екінші дәрежелі Отан соғысы орденін, медальдарды өңіріне тағады. Ол - ҚР ІІМ құрметті ардагері. 1945 жылы тура Жеңіс күні қарсаңында Иван Петрович Крыловпен шаңырақ құрады. Взвод командирінен миномет дивизионы командирінің орынбасарлығына дейін жеткен И.П.Крылов әскерде 33 жыл қызмет етеді. Қосағымен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Соның ішінде үлкен ұлы - полковник.
Жасы тоқсанға келсе де, Е.С.Крылова облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады.
«Біз бәрін де көрдік. Енді ұрпағымыз ондай зұлматты көрмесін. Бейбітшілікке жететін ештеңе жоқ. Елбасы саясаты арқасында Қазақстанда көп ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ең басты міндет осы тыныштық пен келісімді сақтай білуде», - деді Е.С.Крылова.