13:34, 15 Мамыр 2012 | GMT +5
БҚО ішкі істер департаментінде ардагер аналарға құрмет көрсетілді
ОРАЛ. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясының 20 жылдығына орай БҚО ішкі істер департаментінде ардагерлер Анна Пустовая мен Ракия Ғабитоваға құрмет көрсетілді.

Департаменттің баспасөз қызметінен Гүлшат Молдағалиеваның хабарлағанындай, шара барысында департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Рахметов ардагер аналарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Анна Ивановна Пустовая- Орал педагогика училищесінің түлегі. 16 жылдай Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінде жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып қызмет атқарған ол қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, Ақсай қалалық кеңесінің депутаты болған. Ал Ракия Ғабитова ішкі істер органы жүйесінде 33 жыл еңбек еткен. Ол қызмет атқарған Орал қалалық ішкі істер басқармасының қылмысты іздестіру бөлімі ардагерді әрдайым құрметтейді. Екеуі де медальдармен марапатталған.