БҚО ішкі істер департаментінің оқу-жаттығу полигоны ашылды
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың полиция қызметкерлерінің кәсіби дайындығын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес оқу-жаттығу жиыны осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Полигонның ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Ішкі істер министрлігі кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев жеке құрамға «Ішкі істер органдары туралы» ҚР Заңын түсіндіріп, Елбасы Жолдауының басты бағыттарына тоқталды. БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Рахметов полигонды ашу жолында еңбек еткен қызметтер басшыларына, керек-жарақтармен қамтамасыз еткен «Динамо» қоғамына ризашылығын білдірді.
Полиция қызметкерлері үш күндік оқу-жаттығу кезінде вагондарда тұрады, оның әрқайсысы 4 адамға арналған. Вагонның ішінде тоңазытқыш, кондиционер орнатылған. 200 метрдей жерде Шалқар көлі тиіп тұр. Тамақ пісіруге арналған бөлек далалық асхана бар, басқа да жағдайлар жасалған. Сондай-ақ медициналық көмек көрсететін фельдшер маман да жұмысқа тартылған.
Полиция қызметкерлері далалық дәрістер кезінде нысана көздеуден сынға түсіп, дене күштерін, теориялық және практикалық білім-біліктерін жетілдірді.