БҚО: қариялар қамқорлықсыз қалмайды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қариялар, мүгедек жандар қамқорлықсыз қалмайды. Қайырымдылық шаралары бір ай ғана емес, жыл бойы жалғаса бермек.
Бұл туралы А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында қайырымдылық айлығын қорытындылауға арналған «Адамгершілік - алыс қасиет» атты кеште айтылды.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жетім балалар, сондай-ақ еріктілер қатысқан шарада облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, өңірде қайырымдылық айлығы аясында көптеген шара ұйымдастырылды. Қарияларға, мүгедектер мен жетімдерге, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға барынша көмек көрсетілуде.
Шарада Беларус елін неміс-фашист басқыншыларынан азат екені үшін мерекелік медалі бірқатар ардагердің өңіріне тағылды. Орал қаласынан Беларус жерін азат етуге 13 майдангер қатысқан екен. Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан ардагерлердің көбі бұл шараға да денсаулығына байланысты келе алмай, олардың атынан сахнаға туғандары көтерілді. Марапатталған майдангерлер атынан өңірге танымал тарихшы-ғалым Павел Букаткин сөз сөйлеп, соғыс жылдарын еске түсірді, сол кезеңнің шындығын бұрмалау үшін нақты деректер жинап, зерттей түсу қажеттігін атап көрсетті.
Қайырымдылық шараларына белсенді араласып, көзге түскен бірқатар жас алғыс хатпен марапатталды. Белгілі өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, айтыскер ақындар Эльдар Ихсанов пен Айнабек Бисенғалиев қарияларға арнауын жеткізді.