БҚО: Қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың сурет галереясы ашылды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Жалпақтал ауылдық мәдениет үйінде белгілі қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың (1937-1995) сурет галереясы ашылды.
Бұл оның өмірден өткеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Салтанатты шарада Мәжіліс депутаты, ғалым Виктор Киянский суретші замандасын айрықша құрмет тұтатынын айтып, С.Ғұмаров туралы жинақты және өзінің кітаптарын жергілікті тұрғындарға тарту етті. Аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, ҚР Суретшілер одағы БҚО филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев суретші туындылары кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қала беретіндігін атап өтті.
Аталмыш шара Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. 25-26 тамызда Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында «Елдіктің терең тамыры» атты республикалық шара өтсе, аудан көлемінде алдағы күзде осы Жалпақтал ауылында ұйымдастырылмақ. Бұл ретте Сәкен Ғұмаровтай бірегей тұлғаларды еске алу да ләзім.
Айта кетейік, Сәкен Ғұмаров жас кезінен өнерге жақын болып, әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамбетжан Ғұмаров жетекшілік еткен Жалпақтал халық театрында ойнады. Кейін Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театрында әртіс, облыстық телестудияда бас режиссер болып қызмет еткенімен, суретшілігімен кеңінен танылды. Негізінен кескіндеме саласында қызмет еткен ол шығармаларын абстракциялық бағытта (поставангардизм) жазды. Суреттеріне бағзы заман түркілерінен бастап әскери полигондар зардабын тартқан Бөкей ордасының тыныс-тіршілігін арқау етті. Туындыларын түсіну қиын болғандықтан, ол кеңестік дәуірде көпке дейін мойындалмады. Тек 1985-1995 жылдары Алматы, Орал, Киев, Мәскеу және басқа қалаларда жеке көрмелері қойылып, суретшіге үлкен табыс әкелді.
Қазіргі кезде Орал қаласында С.Ғұмаровтың сурет мұражайы жұмыс жасайды.