БҚО мектептеріне биыл 300 жас маман келді

ОРАЛ. 29 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының орта мектептерінде қазіргі таңда 11793 мұғалім жұмыс жасайды, соның ішінде 10046-сы жоғары білімді, бұл 85,1 пайызды «республикалық көрсеткіш - 87,9 пайыз) құрайды.

БҚО мектептеріне биыл 300 жас маман келді

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, орта мектептерде жоғары (1392) және бірінші (4282) санатты педагог қызметкерлердің үлесі 48,1 пайызға тең (республикалық көрсеткіш - 47,3), олардың ішінде 1754-і (30,9 пайызы) қалалық білім ордаларында жұмыс жасайды.

Өңірдегі білім беру ұйымдарына биыл 300 жас маман келсе, соның 246-сы «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының шапағатын көрді.

Отбасылы мұғалімдердің тұрғын үй жағдайының жақсаруы байқалады. Биылғы тоғыз айда 194 жас маманға үй алуы үшін жеңілдікпен несие берілді.

Аудандағы педагогтарды тұрғын үймен қамту мәселесінде Шыңғырлау ауданы әкімдігінде оң тәжірибе бар. Атап айтқанда, 2012 жылы бюджеттен тыс қаржы есебінен мұғалімдер үшін Амангелді ауылында 2 үй тұрғызылды. Биыл Сегізсай елді мекенінде мұғалімдер үшін екі үй салынуда.

«Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы және «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы арқылы мұғалімдер үшін педагогтардың біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі енгізілді. 2012 жылы арнайы үш айлық бағдарлама бойынша 2 және 3 базалық деңгейдегі біліктілікті арттырудың жаңа форматтағы курсынан 364 педагог өтті. Біліктілік емтиханын жақсы тапсырып, біліктіліктің екінші және үшінші деңгейін меңгергені туралы сертификат алды, яғни оларға 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еңбекақысына 70 пайыз және 30 пайыз қосымша ақы төленуде. 2013 жылы облыстың 706 педагогын қамту жоспарланса, күні бүгін 375-і сертификат алды.