БҚО мен Ақмола облысының тұрғыны Атырауда есірткіні тығып сатпақ болған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда есірткіні тығып сатпақ болған Батыс Қазақстан және Ақмола облысының тұрғыны ұсталды. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. 

Есірткі
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өзге өңірдің тұрғындары есірткі заттарын заңсыз сақтау, тығып сату күдігіне ілінген.

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс аумағында есірткі заттарын сақтаған деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының тұрғынын анықтады. Оның жалдамалы пәтеріне тінту жүргізу кезінде қара сөмкеге салынған 1 келіге жуық есірткі тәркіленді. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген құрғақ өсімдік гашиш есірткісі екені анықталды. Күдікті құмар ойындармен әуестенген. Соның салдарынан қарызы 8 млн теңгеге жуықтаған. Қарызынан құтылу үшін еліміздің оңтүстік өңірінен есірткі заттарын тасымалдап, сатпақ болған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Есірткімен ұсталды
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Ал, екінші күдікті — Ақмола облысының тұрғыны. Ол Атырауға биыл қаңтарда келген. 

«Күдіктінің Атыраудағы уақытша тұрақтаған мекен-жайын тексеру кезінде жалпы салмағы 175 грамм болатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Ол синтетикалық есірткіні жасырын тығу әдісімен сату үшін интернет-дүкендердің жарнамасына сеніп келгені анықталды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен. 

Есірткімен ұсталды
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Қазір 2 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізу басталды. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көрші өңір тұрғындарынан есірткі мен тапанша тәркіленгенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар